Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5%-ға дейін көтерді
Ұлттық банк Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Шешім қабылданғанда нақты деректерді, жаңартылған болжамдар мен инфляциялық тәуекелдердің балансын бағалау барысы ескерілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық банк дерегіне сәйкес елде бағаның өсу қарқыны жоғары деңгейге жетіп келеді. Бұл өз кезегінде ақша-кредит шарттарын айтарлықтай жеңілдетеді. Сондықтан инфляцияның өсу тәуекелін азайту үшін белсенді әрі пәрменді шаралар қажет.
“Инфляцияның барлық көрсеткішінде өсу байқалады. Жылдық инфляция ақпанда 9,4%-ға дейін жеделдеді. Барлық компонент бойынша бағаның өсу қарқыны жеделдегені байқалады. Әсіресе қызметтер бағасының өсуі айтарлықтай үлес қосып отыр. Ақпанда айлық инфляция едәуір өсіп, орташа тарихи динамикадан айтарлықтай асып түсті. Айлық базалық және маусымдық факторлардан тазартылған инфляция көрсеткіштерінен (тиісінше, ақпанда бір жылға есептегенде – 14,2% және 16,9%) фискалдық ынталандыру және тұтынушылық кредит берудің (2024 жылдың қорытындысы бойынша жылма-жыл 33,5% өсім) шамадан асып кету жағдайында ішкі сұраныс жағынан қысымның айтарлықтай үдегені көрінеді. Сонымен бірге ақпанда халықтың инфляциялық күтулері тағы да 13,7%-ға дейін өсті”, – делінген хабарламада.
Ресейде инфляция қарқын ала түскендіктен, сыртқы сектордың бағаға әсері күшейді. 2024 жылғы желтоқсаннан бастап біршама төмендегеніне қарамастан, әлемдегі азық-түлік бағасы әлі де жоғары деңгейде. Қазіргі уақытта бағаның жаһандық өсуі орнықты болып отыр. Инфляциялық және геосаяси тәуекелдер сақталуда және олар орталық банктердің қатаң ақша-кредит саясаты мен риторикасына негіз болды.
“Негізгі сценарийде Brent маркалы мұнайдың бағасы болжамды кезеңнің соңына дейін орташа есеппен 1 баррель үшін 70 АҚШ доллары деңгейінде сақталды. Сценарий шарттары бағаның нақты динамикасы мен мұнай нарығындағы ұсыныстың сұраныстан артуын ескере отырып қалыптастырылды. Алдағы жылдарға инфляция болжамы жаңа факторлар ескеріле отырып көтерілді. Ол 2025 жылы 10-12%, 2026 жылы 9-11% шегінде күтіледі. 2027 жылдың қорытындысы бойынша инфляция тежеуші ақша-кредит саясатының және жоспарланған салық реформасына байланысты фискалдық ынталандыруды қысқарту нәтижесі ретінде 5,5-7,5% деңгейіне дейін төмендейді”, – деп қосты Ұлттық банк өкілдері.
2025-2027 жылдар аралығындағы жоғары болжам сыртқы проинфляциялық қысымның удеуіне, жанар-жағармай (ЖЖМ) бағасының өсуіне, қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесінің ұлғаюына, сондай-ақ тұрғын-үй кешен (ТКШ) саласындағы реформалардың жалғасуына байланысты.
“Болжамның негізгі тәуекелдері – ішкі сұраныстың одан әрі өсуі, Ресейдегі инфляцияның жеделдеуі және инфляциялық күтулердің тұрақсыз болуы. Сонымен қатар ЖЖМ құны артуының нақты қарқынына, фискалдық тәртіпке (Ұлттық қордан трансферттерді қысқарту жөніндегі жоспарларды іске асыру), сондай-ақ реттелетін бағалардың өсуінен және ҚҚС көтерілуінен болатын қосарлы әсердің орын алуына қатысты белгісіздік сақталуда.
Айта кетейік, базалық мөлшерлеме – елдегі орталық банктің ақша құнын басқару тетігі. Ұлттық банк базалық ставканы екінші деңгейлі банктерге кредит берерде және олардың ақшасын депозитке қабылдарда қолданады. Яғни Ұлттық банк коммерциялық банктерге несиені дәл осы базалық ставкамен береді, депозитке де осы мөлшерлемемен қабылдайды.