Ұлытау облысында үш мыңға жуық киіктің өлексесі табылды: облыс әкімі киік өліміне не себеп болғанын айтты
Видеодан скрин
Биыл наурызда Жезқазған мен Қаражал қаласының маңында үш мыңға жуық киіктің өлексесі табылды. Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков киік өліміне не себеп болғанын айтты.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Журналист 2025 жылғы қыс айында табиғи жолмен және бұралқы иттерге таланып өлген киік ұшаларын жинау жұмысы жалғасатыны айтылғанын, киік өліміне не себеп болғанын және оқиғаның қайталанбауы үшін қандай шара атқарылды деп сұрады.
"Ұлытау өңірінде киіктердің жаппай қырылуы олардың санының айтарлықтай өсуімен байланысты болды. Оқиғаның қайталанбауының алдын алу үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігі Ұлытау облысы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы күз мезгілінде ақбөкендердің оңтүстікке қарай көшу жолдарына бөгет келтірмеу жұмыстарын жергілікті атқарушы органмен бірлесіп қолға алды.
Сондай-ақ қыс мезгілінде киік жануарына мониторинг жүргізуге және қалың қардан киік өлекселерін уақытылы әрі дер кезінде жинау үшін қар шанасын (снегоход) сатып алуға жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылды. Бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу арқылы конкурс жарияланып, жеткізушілермен келісімшартқа отырдық. Жеткізу мерзімі желтоқсан айына белгіленген. 2025 жылы Ұлытау облысында 3 мың киік жойылған", - деді өңір әкімі.
Еске салсақ, 2025 жылдың 28 наурызында Ұлытау облысында үш мың киіктің өлексесі табылғаны туралы жазған едік. Кейін Ұлытау облысында қырылған киіктердің саны 14 мыңға жеткені хабарланды.
"Әкім ауысқан сайын ойына келгендерін істейді": Алматылықтар Төле би көшесіндегі эстакада салу жобасына қарсы шықты