Ұлытау облысында соқырішегіне ота жасалған көпбалалы әйел наркоздан соң көз жұмды
Фото: Видеодан скрин
Ұлытау облысы Жаңаарқа аудандық ауруханасында соқыр ішекті алу операциясы кезінде көп балалы ана қайтыс болды. Пациентке анестезия жасалғаннан кейін, ол анафилаксиялық шокқа түскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
42 жастағы Гүлнұр Жуанышбаеваның соқыр ішегін алу керек болған. Науқаста наркозды енгізгеннен кейін бірден анафилактикалық шок, содан кейін кома және церебральды ісіну пайда болған. Гүлнұрдың артында күйеуі мен төрт баласы қалды, кішісі небәрі 3 жаста. Операция алдында әйелде қандағы қанттың жоғарылауы және қабыну процесі анықталған. Туыстарының айтуынша, Гүлнұрды наркоз салмай тұрып жеткілікті түрде тексермеген. Дәрігерлер қажетті құрал-жабдықтардың жоқтығын алға тартыпты.
“Операцияға 4-5 сағат уақыт қалғанда онда бәрі жақсы еді. Сол кезде оны Қарағандыға жеткізуге болар еді. Дегенмен оған мүмкіндік болмады. Себебі қышқыл-негіз балансының картридждері, КТ аппараты жұмыс істемейді, натрий хлориді, кальций хлориді сияқты негізгі шығын материалдары жоқ”, – дейді ағасы Мақсат Қасқатаев.
Марқұмның туыстары әйелдің қарапайым операция кезінде қайтыс болғанына сене алмай отыр. Қазір олар құжаттарды жинап, қажетті дәлелдерді сараптамаға жіберіп жатыр. Олар қайғылы оқиғаға кінәлі әрбір адамды жазалауды көздеп отыр.
Осы оқиғадан кейін тұрғындар ауруханаға барып емделуден қорқып отыр. Олар білікті мамандардың жоқтығын айтып шағымданады. Тұрғындар қарапайым кеңес алу үшін Жезқазған немесе Қарағандыға баруға мәжбүрміз дейді. Ал дәрігерлердің өздері дәрі-дәрмек тапшылығы мен құрал-жабдықтардың істен шыққанын айтады. Облыс басшылығы мәселелерді естіп, бәрін ретке келтіруге уәде береді екен.
“Бүгін жаңа, жас директорды алып келдік. Енді алдағы уақытта бұл емханада мұндай жағдайларға жол берілмейді деп сенеміз. Денсаулық сақтау басқармасы бұл емхананы қалпына келтіру үшін көп жұмыс істеп жатыр. Қазір кадр мәселесімен айналысып жатырмыз. Екі айдың ішінде емхана жұмысын реттейге тырысамыз”, – дейді Ұлытау облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Бейсембаев.
Гүлнұр Жуанышбаева қайтыс болғаннан кейін директордан бөлек оның орынбасары, хирург және анестезиолог жұмыстан шеттетілді. Әйелдің туыстары дәрігерлерді сотқа бермекші. Ал, аудандық ауруханаға облыс қана емес, астаналық басшылар да келіп, тексеру жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысы Шу қаласындағы аурухананың жертөлесінен жүкті әйелдің денесі табылғаны туралы жазған едік.

"Омыртқасы сынып, мүгедек болып қалды": Қытайда жүк тасушы компания қазақстандықтың биіктен құлауына себепкер болған
