Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлытау облысында далалық аймақтан зымыран қалдықтары табылды (видео)

Ұлытау облысында далалық аймақтан зымыран қалдықтары табылдыФото: Видеодан скрин

Ұлытау облысында далалық аймақтан табылған зымыран қалдықтары жергілікті тұрғындардың зәресін алды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі болған жағдайды түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желіде далада табылған зымыраның видеосы тарады. Видео Halyqstan Telegram арнасында жариялады.

“27 қарашада сағат 14:27-де Астана уақыты бойынша “Байқоңыр” ғарыш айлағынан экипаждық кемесі бар “Союз МС-28” тасымалдаушы зымыраны сәтті ұшырылды. Ұшыру жоспарға сәйкес өтті”, – деп мәлімдеді Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі.

Министрліктің мәліметінше, зымыранның бірінші сатысы аталған аймаққа, Ұлытау облысындағы елді мекендерден алыс жерге түскен. Ведомство халыққа ешқандай қауіп жоқ деп сендірді.

Сондай-ақ оқиға орнына “Роскосмос” өкілдері мен Қазақстан мен Ресейдің экологтары келді. Олар өлшеу жұмыстарын жүргізіп, сынамалар алып жатыр.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, зымыран қалдықтарының экологияға зиян жоқ екені анықталды.

“Союз МС-28” экологиялық тұрғыдан қауіпсіз отынды пайдаланады, яғни керосин және сұйық оттегі. Құлаған қалдықтар радиациялық, химиялық немесе биологиялық қауіп төндірмейді”, — делінген жауапта.

 

Айым Болатқызы
Жұма, 28 Қараша, 2025 09:44