Ұлымның досы үйімді тартып алмақшы - Арман Дүйсеновтың жары
Фото: Видеодан скриншот
Белгілі композитор Арман Дүйсеновтің жары Айсұлу Айданқызы “TalkLike” бағдарламасына берген сұхбатында ұлының досы жалғыз пәтерді тартып алмағын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесінің жарының айтуынша, марқұм ұлы Санжар Мұқаш есімді досына қомақты сома қарыз болған, ал ол бұл туралы ұлы қайтыс болғанда білген.
“Ұлымды пәтерінен өлі тауып, жедел-жәрдем, полиция қызметкерлерімен жүргенде маған біреу хабарласты. Полиция қызметкерлері “Кім?” деп сұрады. Мен білмейтінімді айттым, олар қоңырауды көтеруімді, бірақ Абылайдың қайтыс болғаны туралы айтпауымды сұрады. Мен қоңырауды көтердім, “Сәлеметсіз бе! Мен Санжармын, Абылайдың досымын. Ұлыңыз қоңырауға жауап бермейді, сізбен сөйлесейін деп едім. Сіз қайдасыз? Сізге келсем бола ма?” деді. Мен “жақсы, келіңіз” дедім. Сөйтіп ол жігіт келеді де, бірден “Абылайдың досымын, мен оған көмектесейін деп ақша бердім” деді. Мен ол жігітті бұрын-соңды көрмегенмін, танымаймын. “Абылай ол ақшаны не үшін сұрады?” дегенімде, “Пәтерді банктен сатып алу үшін 49 млн теңге төледім” деп жауап берді. Сол уақытты тергеуші жанымызға келіп, ол жігітті алып кетті”, – деді ол.
Айсұлу Айданқызы пәтер 2024 жылғы 15 қазанда соттың шешімен тіркеуге (қамауға) алынғанымен, Санжар Мұқаш оны босату туралы сотқа арыз жазған.
“Жазда Санжар Мұқаш маған хат жолдайды. Хатта пәтерді босату туралы ескерту жазылған. Ол пәтер 2024 жылғы 15 қазанда соттың шешімен тіркеуге (қамауға) алынған. Мен хатты адвокаттарыма жіберемін, тергеушілерге қоңырау шалып, “қылмыстық іс әлі жүріп жатыр, ол кісі қалай мені сотқа береді?” деп сұрадым. Ол кісі мені сотқа берген екен, 2025 жылғы 24 қазанда сот мені пәтерден шығару туралы шешім шығарды. Мен соттың шешімімен келіспеймін, себебі Санжар Мұқаш пәтерді кепілге алған, ал пәтер тіркеуде тұр”, – деді ол.
Ол пәтердің нақты құны ұлының берешегінен әлдеқайда көп екенін айтады.
“Пәтердің нақты бағасы – 140 миллион теңге. Ал Санжар Мұқаш “65 миллион теңге бердім” деп отыр. Сонда “Неге бүтін пәтерді алғың келіп жатыр?” деп сұрағанда, “Я должен заработать” (Маған ақша табу керек) деді. Міне, осылай ашық айтты, еш қысылмады", – дейді марқұмның жары.
Оның сөзінше, Абылайдың қырқына да толмай жатып, әлгі адам пәтерді босатуды талап еткен.
"Абылайдың қырық күні өтпей жатып, телефоны әлі ашылмаған еді. Сонда да достары арқылы хабар жіберіпті: “40 күн өтсін, сосын пәтерді босатсын” деп. Сол кезде мен Санжарды үйге шақырып, сөйлестім. “Пәтерді босат деп тұрсың ба?” десем, “Иә, босатыңыз” деді. Ол маған: “Хотел заработать”, яғни ақша табуым керек деді. Ол менен ұялып та тұрған жоқ, “Досымын, досыма көмектескім келді дей тұра, пәтерді босат” деп талап қойды. Мен бұл әңгіменің бәрін тергеушіге жеткіздім. Санжар Мұқаш банкке 49 млн теңге төледім, қалғандарын қолма-қол бердім деп тұр. “Ақыры осындай үлкен сомалар айтылып жатыр екен, мұны маған қалай дәлелдей аласың?” десем, ол жігіт ешнәрседен тайсалып тұрған жоқ. “Абылай маған пайызымен қайтарамын деп уәде еткен, ол ақшаны қайтармады, ал мен пәтерді алуым керек” деп отыр”, – деді ол.
Айта кетейік, композитор Арман Дүйсенов 2023 жылғы қаңтарда көз жұмған еді.
Ал былтыр қазанда марқұм сазгердің ұлы да дүниеден озды.
2024 жылы 7 қазан күні кешке жас жігіттің денесі өз пәтерінде асылып тұрған күйінде табылған еді. Марқұмның қолдары байланған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, өлімнің себебі – механикалық асфиксия. Жас жігіт қазасынан бір күн бұрын анасының қоңырауларына жауап бермеген.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның белгілі сазгері марқұм Арман Дүйсеновтің жары Айсұлу Айданқызы “TalkLike” бағдарламасына берген сұхбатында композитордың өліміне қатысты сауалдарға алғаш рет ашық жауап беріп,композитордың жертөледе емес, зауытта көз жұмғанын айтқаны хабарланған болатын.
“Екі қолы байлаулы, аяғы жерде тұрған”: Арман Дүйсеновтің әйелі Тоқаевтан көмек сұрады
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік