"Ұлыммен тезірек қауышқым келеді": Алматы облысында қатерлі дертке шалдыққан келіншек қазақстандықтардың көмегіне мұқтаж
Алматы облысының 22 жастағы тұрғыны Гүлдана Келтірбай қалалық ауруханалардың бірінде өмір үшін күресіп жатыр. Осыдан төрт жыл бұрын қатерлі дертті жеңген келіншек қайтадан ауыр сырқаттың уысына түскен. Қазіргі таңда Гүлдана төрт жасар ұлы мен күйеуінен алшақтап, аурухананың төрт қабырғасына қамалды.
Гүлдана Келтірбай қаладағы жеке балабақшалардың бірінде жұмыс істеп жүрген. Біреуден кейін, біреуден ілгері өмір сүріп жатқан келіншек күз басталысымен суыт хабарды естиді.
"Мен 2017 жылы да ақ қан ауруына шалдығып, бір жыл дегенде қатерлі дертті жеңген едім. Ол кезде колледжде оқимын. Группаластарым да, ұстаздарым да менің сырқатымды естігенде қатты жабырқады. Ата-анам мен бауырларымның еңсесі түсіп кетті. Бірақ маған ештеңе білдірмей, көңілімді көтеріп, ракты жеңуіме көмектесті. Сол сәтте қазіргі күйеуіммен сөз байласып жүргенбіз. Оған бар жағдайымды айттым. Өміріме қауіп төніп тұрғанда ол мені тастап кетпей, қасымнан табылды. Осылайша, 2018 жылы рактан толық жазылып, тұрмысқа шығып, балалы болдым. Қазір ұлым төрт жаста", – дейді Гүлдана.
Гүлдана отбасымен бірге ұлының қызығына тоймай, бақытты күн кешіп жатты. Барлық қиындық, азапқа толы күндер артта қалғандай көрінген. Бірақ жаздың соңына қарай ол өзін қатты әлсіз сезініп, жиі ауырып қалады.
"Қайта-қайта жедел жәрдем шақыруымен болдым. Дәрігерлер анализді тексере келе, мендегі рак жасушаларының қайтадан өсіп кеткенін анықтады. Негізі, рак жасушалары 5 пайыздан төмен болуы қажет. Ал менде 63 пайызға жеткен. Төбемнен жай түскендей болдым. Ең алдымен ұлымды ойладым. Әлі жан-жағын танып та үлгерген жоқ. Аузынан ана сүті кеппеген. Қасынан жырақтап көрмеп едім, қазір баламның болашағы үшін де ауыр сырқатпен күресіп жатырмын. Мүмкін, мен мықты адам болғасын Алла осындай дертті жіберген шығар. Енді маған жілік майын ауыстыру қажет. Бұл отаны Түркияда жасатсақ деген жоспарымыз бар. Бірақ қаражат жетпейді. Дәрігерлер келіп, қаралуды сұрап жатыр. Шамамен 20 миллион теңгедей қаражат керек. Ал нақты ота құны айтылған соң, бағаның бұдан да өсері анық. Осы орайда, қайырымды жандардан көмек сұраймын. Ұлыммен тезірек қауышқым келеді", – дейді Гүлдана.
Реквизиттер:
Kaspi Gold: 5169 4971 9171 1658
Телефон нөмірі: 8 705 808 88 696 ( Гүлдана Келтірбай )

"Мәһрге наубайхана ашып беруді сұрадым": Египеттік жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойы желіде қызу талқыға түсті
