Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұлымды шамадан тыс әспеттемеуді сұраймын": Қақпашы Шерханның анасы да танымал бола бастады

Сәуле РабаеваФото: sa_raby Instagram парақшасынан

“Қайрат” футбол клубының қақпашысы Шерхан Қалмұрзаның анасы желіде танымал бола бастады. Сәуле Рабаеваға 18 жастағы қақпашының  анасы ретінде ғана емес, сымбаты үшін де мақтаулар айтылып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

30 қыркүйекте “Қайрат” футбол клубы "Реалдан" 0:5 есебімен жеңілді. Десе де қазақстандықтар Шерханды қолдап, мақтау сөздерін жаудырып, жігерлендіріп жатыр. 

“Жарайсың, сен болмағанда 0:50 болар ма еді. Еш мұңайма, тек алға! Сенің жасыңда бұл – үлкен жетістік”, “Куртуадан асып кеткен, күшті қақпашы болшы. Саған тілектеспіз, болашағың әлі алда”, “18 жаста қайсысың Мбаппенің 7 добын қайтардыңдар?! Жарайсың Шерхан, міне нағыз жігіт. Ең мықтылармен ғана ойнаңдар. Өмірде жеңіліс емес, тәжірибе ғана бар”, “Кешегі ойыннан бұрынғы ойынында, Куртуада 5 голды өткізіп келген. Сенікі оның алдында ештеңеде емес. Қаншама голды қайтарып тастадың. Куртуа ұялуы керек”, – деп жазды олар. 

Десе де қақпашының анасы Сәуле Рабаева қазақстандықтарға жылы лебізін білдіріп, Шерханды шамадан тыс әспеттемеуді сұрады.

“Бәрі Алланың қалауымен болды. Қанша арманымыз болды, дұға еттік, сабыр сақтап, сынақтардан өттік. Біз өз ниетімізге ғана сүйендік. Ұлым, ата-анам, мен сіздердің ізгі тілектеріңізді оқып отырып, қуанып қалдық. Сіздерге рақмет. Дегенмен оны шамадан тыс әспеттеудің қажеті жоқ, бәрі де Жаратқанның қалауымен болды”, – деді ол. 

Сәуле Рабаева"Қайрат" – "Реал Мадрид" матчында стадионда отырып, ұлына қолдау көрсетті. Бұған дейін ол матч алдында ұлына сәттілік тілеп, командасының жеңетініне сенім білдірді.


"7 сейв, Мбөпе және Мбаппенің қобалжуы": "Қайрат" қақпашысы Шерхан Қалмұрза әлем назарына ілікті


Испан клубтары "Қайрат" командасының жас қақпашысы Шерхан Қалмұрзаға қызығушылық танытты – БАҚ


Шерхан Қалмұрза Чемпиондар лигасында пенальти қайтарған ең жас қақпашы атанды


Шерханның анасы туралы не белгілі?

Сәуле Рабаева өмірбаянының егжей-тегжейін әзірге айтпады. Оның телеарнада жұмыс істеп, "Қайрат" футбол академиясына шақырылған Шерхан үшін Алматыға көшіп келгені белгілі.

Сауле Рабаеваның Instagram парақшасына қазір 23 мыңнан астам жазылушы тіркелген. Онда ол өзін продюсер ретінде көрсеткен. Парақшасында кастингтерден, түсірілімдерден және түрлі телешоулардан суреттер бар. Ал пікірлерде жанкүйерлер "анасы емес, қарындасы не қатарласы сияқты" деп жазған.

"Анасы ма? Өзі сондай жас көрінеді!", "Бірдеңені шатастырып алмадыңыз ба?", "Нағыз сұлу әрі ақылды әйел екен!" – деп жазды желідегілер.

Фото: sa_raby Instagram парақшасынан

Шерханның анасы ұлының белгілі бапкер Самат Смақовтың қызы Самирамен кездесетінін айтты. Оның сөзінше, Шерхан мен Самира бір жарым жылдан бері кездесіп жүр.

"Өте сыпайы, тәрбиелі қыз. Біздің отбасымызға сіңісіп кетті. Шерханды алғашқы қадамынан бастап қолдап жүрді. Тіпті автобуспен, метромен жүрген кезінде де жанында болды. Сол үшін оны қатты құрметтеймін. Біз жақсы араласамыз, ал анасымен жақын құрбымыз", – деді Рабаева.

Шерханнан бөлек, Сауле тағы бір ұл тәрбиелеп отыр.

Еске салайық, "Қайрат" – "Реал Мадрид" матчы 2025 жылы 30 қыркүйекте Алматыда өтті. Ойын 0:5 есебімен "Реалдың" пайдасына аяқталды. Қазақстандықтар бес гол жіберіп алғанына қарамай, жас қақпашыны қолдап жатыр. 

Айта кетейік, бұған дейін "Қайрат" клубының жас қақпашысы Шерхан Қалмұрза Чемпиондар лигасындағы алғашқы ойынында пенальтиді қайтарып,турнир тарихына енгені туралы жазған едік.

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 01 Қазан, 2025 17:36
Талқылау