"Хуторлықтар" десе бәрі қорқады": Нұрымов жанжал кезіндегі алып шыққан пышағы туралы айтты
Сот отырысы барысында марқұм Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов "Хуторлықтармен" кездескен кезде өзін-өзі қорғау мақсатында пышақ алып шыққанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Сот отырысында прокурор Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтан қолындағы пышақ жайлы сұрады.
"Егер Шыңғыстың қолында бірінші болып пышақты көрмегенімде, егер олар өздерін “Хуторлықтармыз” деп айтпағанда, мен пышақты алып шықпас едім, өз-өзімді қорғау туралы ойламас едім. Бізде бәрі олардан қорқады. “Хуторлықтар” десе, бәрі қорқады", – деп жауап берді марқұм Шерзаттың әкесі Болат.
Сондай-ақ ол дүкен сыртына алып шыққан пышақтың жай ғана май кесуге арналғанын, жүзі жоғын айтты.
“Пышақты іске тапсырдым. Ол май кесетін жүзі жоқ пышақ. Ол тек ірімшік, май кесуге арналған пышақ. Онымен ет кесу де мүмкін емес. Нақты өткір пышақ алып шықсам, ет сататын дүкенде балта, пышақ болды. Бірақ мен оларды алмадым”, – дейді Нұрымов.
Қаржаубай Нұрымов жанжал кезінде нақты кімнің қолынан пышақ көргенін айтты.
“Көп жерде Шыңғыс, Абзал мен Равильден пышақ көрдім. Шыңғыс баламды ұрып жатқанда ол тірі еді. Шерзат соңғы демі шыққанша қорғанып жатты”, – дейді Нұрымов.
Нұрымовтың сөзінше, Нұрқанатқа уақытылы көмек көрсетілмегенде ол да өліп кетуі мүмкін еді.
“Сыртта төбелес болып жатты. Шыға бергенде алдымнан үш жігіт пен екі қыз шықты. Балама ешқандай адамнан көмек болған жоқ. Қаншама адам болды, ешбірі көмектеспеді. Жолда жүрек-өкпе реанимациясын жасадым, ол қайтымсыз болды. Сосын бәрібір жансақтау бөліміне жеткіздім. Ал марқұм Нұрқанат қансырап жатты. Басындағы ісікпен ол да жүріп кетуі мүмкін еді”, – дейді Нұрымов.
Сотталушы тараптың адвокаттары Қаржаубай Нұрымовтан жауап алды.
Қаржаубай полиция мен жедел жәрдемге жанжал басталмай тұрып хабарласқан.
“Нұрбол тарапынан дөрекі әңгіме болған жоқ. Ол тек балаларды шақырды. 102 мен 103-ке мына жігіттердің Hyundai көлігі келген кезде хабарластым. Тергеу жүргізілген кезде сотталушылардың бәрі болды. Тек Дидар мен кәмелет жасына толмаған бала болды”, – дейді марқұмның әкесі.
Нұрымов дүкенде рұқсат етілмеген уақытта сыра сатқаны үшін айыппұл төлегенін айтты.
“Дүкенде сағат 23:00-ден кейін сыра сатқаным үшін айыппұлын төлеп, сотқа қатысып шықтым”, – деді Нұрымов.
Сондай-ақ сотталушылар Нұрымовпен кездесуден бас тартқан.
“Азамат, Шыңғыс, Дархан – үшеуі мені ұрып жатты. Кейін бұлардың бәрі Шерзат пен Нұрқанатты ұрып соқты. Бұлардың көбі менімен беттестіруден бас тартты. Кәмелетке толмаған баламен беттестім. Ол балаға ешқандай қиянат жасағым келмеді. Ол баланың ешқандай іс-әрекеті болған жоқ. Оған қаш деп едім, қашып кетті. Ол кезде өзімнің дене жарақаттарыма көңіл бөлмедім. Сараптамадан өту деген ой болмапты. Бізге ешкім ескерткен де жоқ. Сараптамаға кешігіп бардым. Ол кезде басты ойым, ұлымды соңғы сапарға шығарып салу болды”, – дейді Нұрымов.
Сот отырысында айыптаушылар Қаржаубай Нұрымовтың отбасына Шерзаттың қазасы үшін көңіл айтты.
– Дархан: Екі қыз және үш жігіт кірді дедіңіз. Мені Қамажай дүкенінен көрдіңіз бе?
– Қаржаубай: Нақты айта алмаймын. Есімде жоқ.
– Дархан: Екі рет қару атылды дедіңіз. Ол кезде қай жақта болдыңыз?
– Қаржаубай: Ол кезде далада болдым, жерде құлап жаттым.
Екінші сотталушы Нұрбол Нұрымовқа сауал қойды.
– Нұрбол: Нұрқанатқа Дархан сыра ақысын төлемеді деп айттыңыз ба?
– Қаржаубай: Нұрқанатқа олай айтқаным жоқ. Сен мен айтқан сөзді түсінбедің. Көліктен түсе сала, “мен Хутор бандасынан келдім” деп айттың.
– Нұрбол: Мен олай айтқан жоқпын.
– Дархан: Қаржаубай сіз неге маған пышақ сілтедіңіз?
– Қаржаубай: Мен саған ем жасайын, ауруханаға апарайын дедім. Ал сен керісінше “балаң денсаулығын қойып тастасын” деп айттың.

Биыл қай салаға қанша грант бөлінді: Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар аталды
