Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Ұлым оқиға орнында болмаған”: Шерзат Болаттың өліміне қатысты ұсталғандардың бірінің анасы әділ тергеу жүргізуді сұрайды

16 жасар Шерзат Болаттың өліміне қатысты күдіктілердің бірінің анасы олардың кейбіреуінің қылмысқа қатысы жоғын алға тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото видеодан алынды

Қамауға алынғандардың бірінің анасының видеосы Kozachkov Telegram арнасында жарияланды. Әйелдің сөзінше ұлы мен досы қайғылы оқиға орнында мүлде болмаған, бірақ олар қазір қылмыс туралы хабар бермегені үшін айыпталып отырған көрінеді. Сондықтан ол құзырлы органдардан барлығын объективті түрде тергеуді сұрайды.

“Мен Казакенова Лейла марқұм Шерзат Болаттың отбасына қайғырып көңіл айтамын. Ана ретінде олардың қайғыларын түсінемін, қайғыларына ортақтасамын. Осы оқиғаға қатысты президентке, ішкі істер министріне және еліміздің бас прокурорына жүгінемін. БАҚ-та бастапқыда 13 адамның қатысы бар екенін айтқан, бірақ іс жүзінде 7 адам ғана ұсталған. Санды толтыру үшін қалғандарын жазықсыз ұстаған. Олардың арасында менің ұлым Казакенов Арлан мен досы Розбакиев Юлдаш бар. Олар қазір қылмыс туралы хабар бермегені үшін айыпталып отыр”, – дейді ол.


"Төбелес, пышақтасу және кісі өлімі": Талғардағы Шерзаттың өліміне қатысты күдіктілердің бұған дейін не үшін сотталғаны анықталды


Казакенова Лейланың айтуынша ұлы мен досы оқиға орнына мүлдем бармаған. Қалған күдіктілермен қылмыстан кейін ғана кездескен.

"Шын мәнінде олар қылмыс орнында болмаған. Оқиғаның барлығы болып, біткеннен кейін ғана ер адамның екі адамды көлікке отырғызып, алып кете бара жатқан жерінің ғана куәсі болған. Мерседес көлігінің іздестіріліп жатқанын естіген. Менің ұлым танысы Нұрқиясқа хабарласып, не болғанын сұрайды. Ол ұлым мен досын Рысқұлов ауылына жанына шақырады. Досы екеуі барады. Нұрқияс жалғыз емес екен, жандарында алты адам болған. Талғарға қарай барған, жолда кездескен, араларында ұрыс болған, артынша полиция алып кеткен. Олардан түсініктеме алынды, артынша жіберілді. 13 қазан күні ұлым мен досы 48 сағатқа ұсталды. Артынша 2 айға қамауға алынды. Оларды не себепті қамауға алынғанын түсінбедім. Ұсталған 13 адамның орнын толықтыру үшін жасалып отыр ма? Оқиға орнына бармаса да, күдікке ілініп отыр. Олар тіпті не болғанын да білмейді. Оқиға орнында болған екі қыз қамауда емес, алайда ұлым мен досы қамауда. Мен әділ тергеу талап етемін”, – дейді әйел.

Еске салсақ, бұған дейін ішкі істер министрлігі Талғардағы 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты 10 адам күдікті деп танылып, бес қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген еді. Сондай-ақ министрлік жасөспірімді өлтірді деп айыпталған күдіктілер арасында бұрын сотталғандар бар екенін де растады. 

Талқылау