Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлыбритания бейбітшілікті сақтау үшін Украинаға әскер жіберуге дайын екенін мәлімдеді

Ұлыбритания қажет болған жағдайда бітімгершілік келісімінің орындалуын қамтамасыз ету үшін Украинаға әскери қызметкерлерін жіберуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: AFP

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер алғаш рет Украинаға британиялық бітімгершілік күштерін жіберу мүмкіндігін қарастырып жатқанын ресми түрде мәлімдеді. Оның мақаласы дүйсенбі күні Парижде өтетін еуропалық көшбасшылардың кездесуі қарсаңында жарияланды.

“Ұлыбритания Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік беру жұмысын жеделдетуде жетекші рөл атқаруға дайын. Осылайша, Ұлыбритания Украина қарулы күштеріне үздіксіз қолдау көрсету үшін кем дегенде 2030 жылға дейін жылына 3 миллиард фунт стерлинг бөлген. Бұл қажет болған жағдайда өз әскерімізді жіберіп, Украинаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуға әзір екенімізді білдіреді”, – деп жазды Стармер.

Премьер-министр мұндай жағдайда британиялық әскерилерге қауіп төніп тұрғанын және олардың алдындағы жауапкершілікті сезінді. Бірақ оның пікірінше, Украинаға көмек беру арқылы Ұлыбританияның өзінің және бүкіл Еуропа континентінің қауіпсіздігін нығайтады. 



Еуроодақ елдері АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің соғысты тоқтату үшін Ресеймен келіссөздерден Еуропаны шеттеткеніне наразы. 

Дүйсенбі күні Стармер Украина мәселесін талқылау үшін Парижде өтетін еуропалық көшбасшылардың кездесуіне қатысады. Кездесуден кейін Ұлыбритания премьер-министрі Еуропалық көшбасшылардың ұстанымын Трампқа жеткізу үшін Вашингтонға барады деген болжам бар. Осыдан кейін ЕО көшбасшылары Украина президенті Владимир Зеленскийдің қатысуымен тағы бір саммит өткізуді жоспарлап отыр.

Бұған дейін АҚШ, Ресей және Украина делегациясы Сауд Арабиясына барғаны туралы жазған едік. 

Талқылау