Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қазақстандық сарбаздың сүйегі елге жеткізіледі

Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қазақстандық сарбаздың сүйегі елге жеткізіледі. Новгород облысы губернаторының бірінші орынбасары Евгений Богданов пен ресейлік іздестіру қозғалысының өкілдері қазақстандық елшілерге Сапарбай Имахаевтың сүйегін берді. Сарбаз ҰОС кезінде дәл осы Новгород облысында қаза тапқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі РФ-тегі Қазақстан елшілігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Сапарбай Имахаевтың сүйектері осы жазда Новгород облысының Демянкий ауданынан табылды. 

"Имахаевтар отбасында үш ағайында болған. Әбдібай соғыстан оралса, Сапарбай мен Әбіш із-түссіз кеткен. Осы жылдар ішінде алдымен олардың анасы Дана, кейіннен өзге туыстары оларды іздестірді. Бірақ нәтиже болмады. Міне, көптен күткен хабар жетті", – деді Ресейдегі Қазақстан елшілігінің әскери атташесі Ержан Ермекбаев. 

Сарбаздың мойынтұмарындағы бланкінің жақсы сақталуының арқасында оның тұлғасы анықталды. Ол Оңтүстік Қазақстан облысы, Жуалы ауданының тумасы (қазір Жамбыл облысы, Жуалы ауданы) Сапарбай Имахаев болып шықты. Ол 1943 жылдың қаңтарында із-түссіз жоғалған. 



Қазақстанның Ресейдегі елшілігі мен Atamnyn Amanaty қоғамдық қорының атсалысуымен сарбаздың туыстары табылды. Жақын арада марқұмның сүйегі елге жеткізіліп, сый-құрметпен жерленеді. 
Қазақстандық және ресейлік сарбаздардың сүйектерін іздестіру жұмыстары жалғасады.

Талқылау