ҰҚК Айдос Есполовтың ұсталғанын растады
Фото: gov.kz
Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) “Астана ЭКСПО-2017” басшысының бұрынғы кеңесшісі Айдос Есполовқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін БАҚ-та Есполовтың ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді.
“Аталған дерек бойынша ҰҚК сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаймыз. Өзге ақпарат қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес жарияланбайды”, – делінген ҰҚК мәлімдемесінде.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, Айдос Есполов – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші әйелі Әсел Құрманбаеваның бауыры. Ол “Астана ЭКСПО-2017” компаниясы басшысының бұрынғы кеңесші болған және Еуразиялық технологиялық университеті пен Alatau Asset Management Company компанияларының құрылтайшыларының бірі.
БАҚ-та тараған ақпаратта Есполовтың Астанадағы ЭКСПО-2017-ге дайындық барысында жасалған ұрлықтар мен парақорлыққа қатысты іс бойынша ұсталып, 2,2 миллиард теңге жымқырды деген кұдікке ілінгені айтылған.
Еске салсақ, бұған дейін мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи "ЭКСПО ісі" бойынша бұрын сотталған Талғат Ермегияевке жүктелген айыпты заңсыз деп санады. Бәпи депутаттық сауалында нақты пара алған "анықталмаған тұлға" Айдос Есполов екенін және оның қылмыстық істен шығуына сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімов пен "Антикордың" экс-төрағасы Қайрат Қожамжаров ықпал еткенін атап көрсетті. Бәпи тергеу мен сот барысында пара берушінің кім екені анықталмағанын, психикалық науқас куәгердің жауапқа тартылмағанын, сондай-ақ ЭКСПО-ға бөлінген 565 млрд теңгенің бір бөлігінің офшорға аударылуын ескермеу фактілерін де сынға алды.
Ата-анамызды асырауға біз міндеттіміз бе?: Бұл сұрақ қазақстандықтардың пікірін екіге бөлді