Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҰҚК 7-қабаттан құлап қаза тапқан Ақнәр Гүлстанның өлімі бойынша істі тергемейтін болды

Ақнәр Гүлстан. Фото: Гүлстан Хамитованың жеке архивінен

2024 жылғы жазда жетінші қабаттан құлап қаза болған КИМЭП студенті Ақнәр Гүлстанның ісі қайтадан ішкі істер министрлігіне өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Марқұмның анасы Гүлстан Хамит NewTimes.kz-ке берген сұхбатында екі жылға жуық уақыт өтсе де іс әлі сотқа жетпегенін айтты. 

Бұған дейін іс министрліктен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке (ҰҚК жанындағы) беріліп, онда шамамен бір жыл тергелген. Алайда нақты нәтиже болмаған.

“Осы уақыт ішінде олар не істеді? Ешқандай жауап берілген жоқ. Іс қолдан-қолға өтіп, әдейі созылып жатқандай әсер қалдырады”, – дейді анасы.

Оның сөзінше, оқиғаға дейін қызымен бірге болған жас жігітке бірнеше ай бұрын іздеу жарияланған. Бейнежазбада Ақнәрдің ашық терезеге жақындамақ болған сәті көрініп, әлгі жігіттің оны тоқтатқаны байқалады. Алайда ер алам әлі табылмаған.Гүлстан Хамит құқық қорғау органдарының әрекетіне наразылығын білдіріп, басқа істер бойынша күдіктілер шетелден табылып жатқанын мысалға келтірді.

“Неге осы уақытқа дейін ол жігітті таба алмай отыр? Бұл да құқық қорғау органдарына сұрақ. Әйелінің туыстарын өлтірді деп күдікке ілінген Атырау облысының тұрғынын Индонезиядан да тапты ғой”, – деп наразылық білдірді Акнар Гүлстанның анасы.

Сонымен қатар ол Алматы қалалық ҰҚК департаментінен келген хаттың көшірмесін көрсетті.

“2024 жылғы 13 сәуірде Д. Мұқияттың пәтерінде болған тұлғаның жеке басын анықтау мәселесі, сондай-ақ сіздің өтінішіңізде көрсетілген өзге де талаптар қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында қаралатын болады”, – делінген құжатта.Анасының айтуынша, биыл 5 наурызда ІІМ жанынан үш адамнан тұратын тергеу тобы құрылған. Топты аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші Бахтияр Мұсабаев басқарады. Алайда ол жаңа тергеу тобының құрамына Алматы ПД тергеушісі Қайсар Шапқатты енгізуге қарсы екенін айтты.

“Қазір тергеу тобының құрамына оның енгізілгені мені қанағаттандырмайды. Ол бұған дейін Ақнәр ісін тергеу барысында өрескел заңбұзушылықтарға жол берген. Қазір тергеу тобы нақты немен айналысып жатқанын білмеймін. Бірақ құрамында әрекеттерінен өрескел әділетсіздік көрген тергеушіні көрген соң, қаулыға қол қоюдан бас тарттым”, – деді ол.

Анасы істің соңында шындық бұрмалануы мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдірді.

“Ақыры не марқұмды, не қылмыскерді психикалық ауру етіп көрсетуі мүмкін. Мен шындық үшін күресуден шаршадым”, – деді ол.

Мән-жайы

Айта кетейік, қайғылы оқиға 2024 жылғы шілдеде Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің бірінде болған. 22 жастағы студент жетінші қабаттан құлап, көз жұмды. Қылмыстық іс қозғалып, ол өз-өзіне қол салды ма, әлде зорлық-зомбылық салдарынан қаза тапты ма деген мәселе әлі анықталмай отыр.

Марқұм Қытайдан келген қазақ қызы болған. Онымен бірге оқыған екі студент те этникалық қазақтар, Қытай азаматтары болған. Олардың бірі Ранна Аскар Ақнәрді 2024 жылғы 19 шілдеде үйіне шақырған. Сол түні қыз жетінші қабаттан құлап, көз жұмды. Кейін Ранна Қазақстан азаматтығын алған.

Екінші қыз – Дидар Мұқият – Ақнәрмен бір жатақханада тұрған. Оқиға кезінде ол да Қытай азаматы болған.

Марқұмның анасы қызының денесінде соққы іздері болғанын айтып отыр. Оның сөзінше, тістелген, тырналған іздер, сынған тырнақтар мен жұлынып қалған шаштар анықталған. Бұл деректерді медициналық сараптама да растаған.

Айта кетейік, Ақнәрдің өліміне қатысты қылмыстық іс шамамен 1,5 жылдан бері тергеліп келеді.



Еске салайық, бұған дейін 2024 жылдың шілде айында 22 жастағы Ақнәр Гүлстан Алматыдағы көпқабатты тұрғын үйдің 7-қабатынан құлап, қаза тапты. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанымен, тергеу бір жарым жылдан бері жалғасып келеді. Алғашында іс өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабы бойынша қаралған. Алайда марқұмның туыстары қыздың денесінде зорлық-зомбылық белгілері болғанын айтып, істі кісі өлтіру бабы бойынша қайта қарауды талап етіп отыр. Марқұмның анасы тергеудің созылып кеткеніне наразы болып, әділдік сұрап Президентке үндеу жасаған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 03 Сәуір, 2026 17:33