Эстонияның жаңа президентінің күйеуі жұмысын тастап, бала тәрбиесімен айналысатын болды
Эстонияда кеше өткен президент сайлауының қорытындысы бойынша, бұрын ректор болып қызмет атқарған Керсти Кальюлайд сайланды.
Фото Reuters/Ints Kalnins
Бұл туралы “Интерфакс” хабарлайды.
Бұған дейін Эстонияның жаңа президентінің күйеуі 50 жастағы Георги-Рене Максимовскидің барлау органдарында жұмыс істегені туралы ақпарат тараған еді. Алайда мұны ақпарат департаментінің (ішкі барлау) бас директоры Микк Марран жоққа шығарды.
“Ереже бойынша, барлау органдары қандай да бір адамның сол органда қызмет атқаратыны немесе атқарғандығы туралы ақпарат бермейді. Бірақ, бұл жағдай бірінші кезекте Эстония мемлекеті мен жаңа президенттің жұбайына қатысты туындап отырғандықтан, бұл азаматтың мен ешқашан біздің департаментте қызмет атқармағанын айтар едім”, – деді ол.
Фото president.ee
Керсти Кальюлайдтың өкілінің айтуынша, президенттің күйеуінің ұлты эстон және ол Эстония азаматы. Байланыс инженері мамандығын алған. Ол сондай-ақ, Георги-Рене Максимовскидің бұған дейін ақпараттық коммуникация мекемесінде жұмыс істеп, Эстониядағы қауіпсіздік органдарымен тығыз қатынаста жұмыс жасағанын да айтты. Алайда келіншегінің мемлекет басына келуіне байланысты ол қызметін тастап, бала тәрбиесі және үй шаруашылығымен айналысуға көшкен.
Президенттің отбасы үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр екен.