Йемен жағалауында қайық апатқа ұшырап, 68 адам қаза тапты
Фото: AP/Mohammed al-Qadhi
Йемен жағалауында мигранттар мінген қайық апатқа ұшырап, кемінде 68 адам қаза тапты. Қайықта барлығы 150-ден астам адам болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.
“Нашар ауа райы салдарынан қайық Абьян провинциясының оңтүстік жағалауында аударылып, суға батты”, – деп хабарлады жергілікті билік.
Йемендегі Халықаралық көші-қон ұйымының өкілі Абдусаттор Эсоевтың айтуынша, судан 68 адамның мәйіті шығарылды.
“12 адам аман қалған, ал қалғандары әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Алғашқы мәліметтер бойынша, ондаған адам қаза тапқан, олардың көбі, алдын ала болжам бойынша, Эфиопия азаматтары”, – деді Абдусаттор Эсоев.
Халықаралық көші-қон ұйымының (IOM) бағалауынша, соңғы айларда мигранттар отырған кемелердің апатқа ұшырауы салдарынан жүздеген адам қаза тауып, немесе хабар-ошарсыз кеткен.
“Бұл жан түршігерлік оқиға – адамдардың үмітсіздігі мен осалдығын пайдаланатын ар-ұяттан ада контрабандашылар ұйымдастыратын қауіпті сапарға аттанған мигранттарды қорғау тетіктерін күшейтудің аса өзекті екенін көрсетіп отыр. Халықаралық көші-қон ұйымы мұндай қылмыстарға кінәлі адамдарды жауапқа тарту және болашақта осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге шақырады”, — деп мәлімдеді ұйым.

Үлескерлерге қатысты заң өзгереді, Трамптың 25%-дық баж салығы күшіне енеді: Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді
