Эксклюзивті кадрлар: Ақмола облысында құлаған тікұшақтың суреттері жарияланды (фото)
Ақмола облысында төтенше оқиға! Орман өртін көктен бақылауға шыққан МИ-2 тікұшағы апатқа ұшырады. Құдай сақтап адам шығыны жоқ. Бірақ үш экипаж мүшесінің бірінің денесін қатты күйік шалып ауруханаға жеткізілген. Ұшақтарын ақшаға жалға берумен айналысатын “Тянь-Шань” компаниясы болса үнсіз. Ал әуе кемесінің тіпті түнде ұшуға рұқсаты болмаған, деп хабарлайды КТК.
Төтенше оқиға түнде болды. Экипаж мүшелері сол уақытта Ақкөл ормандарын көктен бақылауға шыққан екен. От ошағын жақыннан көру үшін жерге қонбақшы болған. Сол уақытта пилот тізгінге ие бола алмай қалса керек, тікұшақ жерге соғылып, өрт шығыпты.
Ми-2 ұшағы Ақкөл маңындағы орманға жақын жерде құлаған. Ұшақтан қазір сау тамтық жоқ. Толығымен жанып кеткен. Апат болған аумақ қазір қоршауға алынған. Енді Азаматтық авиация комитетінен құралған комиссия апатқа нақты не себеп болғанын анықтауы тиіс.
Әуе кемесі қонуға төмендеп келе жатып жерге соғылған. Мұнда апат іздері анық көрінеді. Қатты соққыдан алдыңғы шассиі жұлынып кеткен. Содан бір жағына ауып, отқа оранған. Ал авиация комитеті тікұшақтың түнде ұшуға рұқсаты болмаған айтып отыр. Бірақ бұған қарамастан көкке көтеріліпті.
«Қағаздарын тексертеміз. Ұшқыштарды да тексертеміз. Бұл сағат түнгі 1-де ұшып шыққан. Өйтуге болмайды. Бұл тікұшақтар түнде ұша алмайды. Ол тәртіпсіздік», – дейді азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасарының міндетін атқарушы Тоты Әмірова.
Ал, тікұшақ ішінде үш адам болған. Борт командирі Александр Маньков, екінші ұшқыш Думан Байбосынов және борт механигі Геннадий Балуев. Бәрінен де соңғысы лезде тұтанған керосинге күйіп, ауыр жарақат алған. Оларды құтқарушылар таулы орманның ішінен екі сағатқа жуық уақытта әрең тауып ауруханаға жеткізген.
«Үш адам келіп түсті. Екеуінің жағдайы жақсы. Оларды бірден үйіне қайтардық. Тек біреуінің денесінің 45 пайызын күйік шалған. Дер кезінде қажетті көмекті көрсеттік. Қазір емін жалғастыру үшін науқас Астанаға ауыстырылды», – дейді Ақкөл аудандық ауруханасының дәрігері Надежда Дуткина.
Бір айта кетерлігі өртенген Ми-2-«Тян-Шань» әуе компаниясына тиесілі, ал, экипаж мүшелері соның қызметкерлері. Зардап шеккен Белорусь азаматы Геннадий Балуев тіпті, келісім бойынша осы әуе компаниясында жұмыс істеп жүріпті. Мұндағылар әзірге апатқа қатысты түсінік беруден бас тартып отыр.
Ал Ақмола облысында екі күннен бері орман жанып жатыр. От ошағын анықтау үшін бұл тікұшақты жергілікті мемлекеттік мекемелердің бірі жалдаған болуы мүмкін. Құдай сақтап, адамдар аман қалды. Десек те, арнайы комиссия жауаптыларды жазаламақ.
Жіберіп алмаңыз:
Теледидар мен компьютерді параға алған түрме басшысының масқарасы шықты
Тоңазытқыштан табылған сәбилердің денесін Ташкенттен келген атасы алып кетті
Алматы облысында теріс діни ағымның өкілі әйел зорлап ұсталды