Түркістан облысындағы ауыл мектебінің түлегі ҰБТ-да ең жоғары балл жинады: Оны тексеретін болады
Ұлттық бірыңғай тестілеудің бірінші күнінде бір ғана бала жоғары балл алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова айтып берді. Оның сөзінше, жоғарғы балл жинаған бір ғана түлек болған. Ол 138 балл алған Түркістан облысының талапкері екен.
Сонымен қатар, енді жоғарғы балл алған түлектердің ҰБТ барысында түсірілген бейнежазбасы толығымен тексеріліп, қайтадан қадағаланады. Егер тәртіп бұзушылық байқалса, алған баллы жоққа шығарылмақ.
"Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күнінде ең жоғарғы балл жинаған бір түлек болды. 138 балл жинады. Ол Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы Теспе орта мектебінің түлегі Әбдіманап Абзал. Бізде жаңа норма енгізілген. Ұлттық біріңғай тестілеудің бейнежазбасы жасалады. Біз Абзалдың да бейнежазбасын толық қарап шығамыз", - дейді ол.