Яндекс.Такси мен InDrive сынды такси қызметтері өзін-өзі реттеу ұйымына мүше болуға міндеттелмек
Көлік министрі Марат Қарабаев мәжіліс отырысында елдегі ірі такси қызметін ұсынатын сервистер өзін-өзі реттеу ұйымына мүше болуға міндеттелетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Министрдің сөзінше, егер сервис ұйымға мүше болмаса, онда оның қызметі заңсыз деп есептеледі.
"Бізде заң жобасында екі мәселе қарастырылған. Біріншісі міндетті түрде, екіншісі ерікті түрде. Елдегі алпауыт интернет агрегаторларына өзін-өзі реттеу ұйымына мүше болу қарастырылған. Егер ол осындай ұйымдарға мүше болмаса, қызметі заңсыз деп танылады. Нәтижесінде заңсыз қызмет атқаруға шектеу енгізіледі", – дейді ол.
Заң қабылданса, елдегі ірі такси қызметін ұсынатын сервистер өзін-өзі реттеу ұйымына мүшелікке қабылданады екен.
"Бұл заң жеке такси қызметін атқарып жүрген азаматтарға әсер етпейді. Бірақ заңды тұлға ретінде тіркеліп, азаматтарды тіркеп жұмыс істеп жатқандар да бар. Оларда тіркелген көлік саны 10 мың. Әр көлік иесі айына 900 теңге төлейді. Олар интернет қосымшалар арқылы қызмет атқарса, Яндекс. Такси секілді алпауыттармен бір үстелге отырып, өз құқықтарын қорғай алады. Нәтижесінде жеке такси қызметін атқарып жүргендер өз еркімен реттеу ұйымдарына мүше болады деп топшылап отырмыз", – деп қосты Қарабаев.