Яна Легкодимованың ісі: Сотталғандар әлі күнге дейін "Қара бүркітке" ауыстырылмаған

Яна Легкодимованы аса қатыгездікпен өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылған Ризуан Қайыржанов пен Алтынбек Қатимов әлі күнге дейін Атырау қаласындағы тергеу изоляторында отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оларға қатысты үкім заңды күшіне енген. Олар жазасын ерекше режимдегі “Қара бүркіт” мекемесінде өтеуге тиіс. Бұл жерде жаппай кісі өлтіргендер, соның ішінде Владислав Челах пен Руслан Күлекбаев та жазасын өтеп жатыр.
Алайда соған қарамастан, сотталғандарды этаптау әлі жүргізілмеген.
Дереккөз мәліметінше, кідіріс мекемеде орын тапшылығына байланысты болуы мүмкін, сондықтан сотталғандар кезегін күтіп отыр.
Сондай-ақ этаптау Ұлттық ұланның арнайы конвойымен жүзеге асырылуға тиіс екені атап өтіледі.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті бұл ақпаратқа түсініктеме берді.
“Аталған сотталғандар заңда белгіленген тәртіппен жазасын өтеу орындарына жіберіледі”, – деп хабарлады ведомство.
Яна Легкодимованың ісі: Сотталғандарды өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы өзгеріссіз қалды
Атырауда Яна Легкодимованың денесін іздеуге 100 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған
Еске салайық, 2024 жылғы қазанда жоғалып кеткен Яна Легкодимованың мәйіті биыл маусымда Атырау облысынан табылған еді. 2024 жылғы 18 қазанда бойжеткен танысының қоңырауынан кейін үйінен шыққан. Бірақ сол күйі үйіне оралмаған. Ол өмірінің соңғы сәттерінде танысының көлігінде болған. Қылмыстық істі қозғауға Янаның күнделігі себеп болған. Марқұм күнделігінде "Р" деген біреуді атап өткен.
17 қарашада сот Янаны өлтірді деп айыпталған 24 жастағы Ризуан Хайржанов пен 25 жастағы Алтынбек Катимовты аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін өмір бойы бас бостандығынан айырды.