Яна Легкодимованы өлтірді деп айыпталғандар өз кінәсін мойындады

Фото: Аzh.kz
Атырауда 23 жастағы Яна Легкодимованың өліміне қатысты сот процесі жүріп жатыр. Кезекті сот отырысының бірінде екі айыпталушы марқұмның анасынан кешірім сұрап, өз кінәларын толық мойындады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Жетінші арнаға” сілтеме жасап хабарлайды.
Тыңдалым кезінде қылмыстың сипатына қатысты жаңа деректер белгілі болды. Жәбірленуші тараптың қорғаушысы айыпталушылардың хат алмасуына жүргізілген талдауды ұсынды. Сол жазбаларға қарағанда, олардың бұл қылмысы – алғашқы әрекет болмауы мүмкін.
Келесі сот отырысында Янаның денесін Жайық өзенінің жағасынан тапқан ерлі-зайыптыдан жауап алу жоспарланып отыр.
Еске салайық, қайғылы оқиға өткен жылдың 18 қазанында болған. Яна үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған.
“Айыпталушылардың өзара хат алмасуына жасалған талдау олардың жүйелі түрде қылмыстық әрекеттермен айналысқанын дәлелдейді. “Бұдан да сорақысын істегенбіз” деген тіркес олардың бұған дейін де заңсыз әрекеттерге барғанын көрсетеді. Сондықтан екі айыпталушы да Қылмыстық кодекстің 262-бабының 1 және 2-тармақтары (Ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу) бойынша баптарымен жауапқа тартылуға тиіс”, – дейді жәбірленуші тараптың адвокаты Ажар Әбділ.
Еске салсақ, 2024 жылдың қазан айында жоғалып кеткен Яна Легкодимованың мәйіті биыл маусымда Атырау облысынан табылды.
18 қазанда 22 жастағы бойжеткен танысының қоңырауынан кейін үйінен шыққан. Аз уақытта ораламын деп ойлаған ол күртешесін де алмаған көрінеді. Бірақ сол күйі үйіне оралмаған.
Ол өмірінің соңғы сәттерінде танысының көлігінде болған. Қылмыстық істі қозғауға Янаның күнделігі себеп болған. Марқұм күнделігінде "Р" деген біреуді атап өткен.
"Баланың тірі не өлі екені белгісіз": АҚШ азаматы бұрынғы қазақстандық әйелін баласын "ұрлады" деп айыптап, сотқа берді