Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты оның өтініп сұрауы бойынша қабылдайтынын айтты – Тоқаев

Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты оның өтініп сұрауы бойынша қабылдайтынын айтты – ТоқаевФото: Видеодан скрин

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Turkistan” газетіне берген сұхбатында Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Кремльде Владимир Путинмен кездесуінен кейінгі алып-қашпа сөздерге қатысты пікір қалдырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Президенттің айтуынша, Ресей президенті Нұрсұлтан Назарбаевты оның өтініп сұрауымен қабылдайды. 

“Тұрақты түрде өткізіліп жүрген кездесулер бейресми сипатқа ие. Мұны Ресей президентінің өзі де атап өтеді. Таяуда өткен Санкт-Петербургтегі басқосуда Владимир Путин маған Нұрсұлтан Назарбаевты оның өтініп сұрауы бойынша қабылдайтынын айтқан еді. Ресей президентінің ерекшелігі: ол достарымен және әріптестерімен жылы қарым-қатынас құра біледі. Жұмысы өте қарбалас болса да, сенбі күні Қазақстанның Тұңғыш президентімен асықпай әңгімелесуге уақытын бөлді. Ол Нұрсұлтан Назарбаевты Еуразиядағы ықпалдастық үдерісінің бастауында тұрған тәжірибелі саясаткер ретінде бағалайды. Ресей бұл үдерісте жетекші рөл атқарып отыр. Кремльдегі кездесу Владимир Путиннің адамгершілігі жоғары екенін көрсетеді”, – дейді Тоқаев.



Мемлекет басшысы олардың не туралы әңгімелескеніне қызықпайтынын және ол жайлы сұрамайтынын айтты.

“Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына келcек, мен оны қазіргі қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған тұлға деп санайтынымды бірнеше рет айттым. Оның мемлекеттік институттарды және экономиканың нарықтық тетіктерін құру, жаңа астанамызды салу жолындағы еңбегін бәрі біледі. Өзіңізге мәлім, біз Қазақстанды Әділдік, Заң және Тәртіп орнаған ел еткіміз келеді. Сондықтан, ешкімді алаламай, әр азаматтың еңбегін әділ бағалау керек. Бұл еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да қатысты”, – деді президент.

Еске салайық, күні кеше Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президент Владимир Путинмен Кремльде кездескен еді. Алайда саясаткерлерді не талқылағандары белгісіз.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 05 Қаңтар, 2026 10:09