"Видеорегистратор жазбасын күйеуіне жолдаймын деп қорқытқан": Жетісу облысында әйелді бопсалаған ер адамға сот үкімі шықты
Фото: freepik.com
Жетісу облысының Ескелді аудандық сотында жеке сипаттағы мәліметтерді таратамын деп қорқытып, ақша талап еткен тұрғынға қатысты қылмыстық іс қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі аудандық сотқа сілтеме жасап хабарлайды.
Сот дерегіне сүйенсек, 2025 жылғы қаңтар айында А. такси қызметін көрсетіп, жолаушыларды Алматы қаласынан Қарабұлақ ауылына алып бара жатқан. Жолда айыпталушы мен жәбірленуші М. арасында жеке сипаттағы әңгіме өрбіген. Өзге жолаушылар түскеннен кейін, елдімекенге жетпей тұрып, А. мен М. жақынырақ танысуды ұйғарған. Осы сәттен кейін айыпталушыда қорқытып ақша бопсалау ниеті пайда болған.
Бірнеше күннен соң А. WhatsApp мессенджері арқылы М.-ге хабарлама жіберіп, олардың арасындағы қарым-қатынасты бейнелейтін видеорегистратор жазбасын күйеуіне жолдаймын деп қорқытқан. Құпияны жария етпеу үшін айыпталушы 50 мың теңге талап еткен. Жәбірленуші бұл жағдайдың жария болуынан қорқып, көрсетілген соманы аударған. Алайда айыпталушы тағы ақша сұраған. Осыдан кейін М. құқық қорғау органдарына жүгінген. А. ақша алып жатқан сәтінде ұсталған.
Сот отырысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініп, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған.
“Қылмыстық кодексте көзделген бұл құқықбұзушылық үшін баламалы жазалар көзделген.
Кінәсін мойындауы және шын ниетпен өкінуі жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерілді. Сот А.-ны Қылмыстық кодекстің 194-бабы 1-бөлігімен – “Қорқытып алу” кінәлі деп танып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ пробациялық бақылау белгіленіп, 100 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту міндеттелді”, – делінген сот хабарламасында.
Жәбірленушінің пайдасына моральдық зиянды өтеу үшін 200 мың теңге өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.

"Оқушылармен бір vibe-тамын": Желіде тренд түсірген мектеп директоры жұрттың ықыласына бөленді
