"Видеоны 2500 теңгеге сатқан": Екі облыста кәмелетке толмағандардың порнографиясын ұйымдастырғандар ұсталды
Түркістан облысында кәмелетке толмағандардың порнографиясы анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скриншот
Түркістан облысының прокуратурасы Telegram желісіне талдау жүргізу барысында порнографиялық сипаттағы, оның ішінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен фото/видео материалдары бар ақылы арна тапты. Аталған факті бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары басталды.
“Тексеру барысында Telegram желісінде 2500 теңгеге порнографиялық видеороликтер, оның ішінде кәмелетке толмағандар мен мектеп оқушыларына қатысты материалдар ұсынылғаны анықталды. Сайтта барлығы 8012 адам тіркелген. Желі аудиториясы – Қазақстан және ТМД елдерінің жазылушылары”, – делінген хабарламада.
Арнайы іс-шараларының нәтижесімен сайт ұйымдастырушылары мен қарау, кіру және жазылу үшін ақша төленетін дроперлер анықталды.
14 наурызда облыс прокуратурасы мен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы топ мүшелерін Түркістан және Қызылорда облыстарында ұстады. Ұйымдастырушы бұған дейін ауыр қылмыс жасағаны үшін сотты болған, қазіргі таңда ол қамауда.
Аталған фактілер бойынша “Порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз тарату” және “Кәмелетке толмағандардың порнографиялық бейнелерi бар материалдарды немесе заттарды дайындау” бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Прокуратураның нұсқауымен Telegram желісіндегі 8 мың жазылушысына қатысты олардың әрекеттерінде педофилия белгілерінің бар-жоғы және осыған ұқсас қылмыстар үшін бұрын сотталғандарды анықтау бағытында тексеру жұмыстары басталды. Құқыққа қайшы ниет расталған жағдайда мұндай адамдарды уәкілетті және құқық қорғау органдары есепке алады.
Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысында аналары қыздарын зейнеткерге жыныстық құлдыққа сатқанын жазған едік. Полиция адам саудасымен, адамдарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға тартумен, притондар ұстаумен және жеңгетайлықпен байланысты қылмыстарды әшкереледі. Қарағанды облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен 60 жастағы ер адам ұсталды. Ол ақшалай сыйақы үшін жас қыздардың аналарымен оларға қатысты жыныстық сипаттағы азғындық әрекеттерді одан әрі жасау және балалар порнографиясын жазу мақсатында келісімдер жасаған.