Желіде Вьетнамда қазақстандық азаматтың төбелес шығарғаны туралы видео тарады
Фото: Видео кадрларынан
Желіде Вьетнамда болған төбелестің видеосы таралуда. Желі қолданушыларының айтуынша, кадрларда орыс тілінде “Страха нет” деген жазуы бар ақ футболка киген шетелдік Қазақстан азаматы. Ол бірнеше адамға соққы жасаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға Вьетнамның Дананг қаласында болған. Бастапқыда Reddit қолданушылары ер адамды киіміндегі жазуға қарап ресейлік деп ойлаған. Алайда кейін пікірлерде оның Қазақстан азаматы болуы мүмкін екені айтыла бастады. Бұл нұсқа Вьетнамдағы қазақстандық экспаттар чаттарында да талқылануда. Қазір оқиға видеосы Reddit-тен өшірілген.
Желі қолданушыларының айтуынша, оқиға түнгі сағат үштер шамасында 50decibel бар маңында болған. Ақ футболка мен басында таңғышы бар ер адам алдымен мекеме ішінде келушілердің біріне қол көтеріп, кейін оны сыртқа шығарып жібермек болғанда, басқа адамдарға да шабуыл жасаған.
Қазіргі уақытта ер адамның жеке басы нақтыланбаған. Бірақ қазақстандық интернет қауымдастығында оның әрекеті қатаң сынға ұшырап отыр. Желі қолданушыларының айтуынша, ер адамның есімі Темірлан, кәсіби спортшы және қазақстандықтарға қызмет көрсететін туристік фирманың иесі екен. Оның үстіндегі футболкада Қазақстанда жұмыс істейтін "Спарта" қауымдастығының белгісі бар.
Сондай-ақ оқиғадан кейін жергілікті билік экспаттардың құжаттарын тексере бастағаны туралы да ақпараттар тарады. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі бұл оқиға бойынша Вьетнам билігінен әлі ресми ақпарат түспегенін жеткізді.

"Балам әкесінің дертін "мұра" етіп алды": Қазақстандық шизофрениямен ауыратынын 16 жыл бойы әйелінен жасырып келген
