Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Басқа басқа бұлардан мұндай батылдықты күтпедім": Венециядағы "Жерұйық" көрмесіндегі қазақстандық суретшілердің еңбегі көпті таңғалдырды

Италияның Венеция қаласында өтіп жатқан "Жерұйық" көрмесінде қазақстандық суретшілер авторлық туындыларын қойды. Олардың жұмысына ресейлік БАҚ өкілі Ксения Собчак ерекше таңданысын жеткізіп, видео түсірді. Алайда қазақстандық оқырмандар оған шүйлігіп, халқымыздың бұрыннан өнерге жақын екенін айтып жазба қалдырды. Stan.kz тілшісі көрмеде кімдердің шығармалары қойылғанын және Қазақстан үшін қандай маңызы барын сұрап білді.

Фото: “Жерұйық” көрмесі

Ксения Собчак қазақстандықтар мұндай өнер туындысын жасап шығаратынына сенбеген екен.

"Өнер әлемнің барлық тілінде сөйлейді. Иә, дәл Қазақстанның өзі Венеция биенналесінде өзінің тамаша павильонын қойған. Олар оны өте тапқыр және провокациялық түрде көрсеткен. Басқа басқа бұлардан мұндай батыл әрі нәзік үйлесімділіктікті күтпедім. Олар мифтік Жерұйық жері туралы ежелгі аңызды алып, оны керемет нәрсеге айналдырды: уақыт, ұрпақ және технологиялар тоғысында", – деп Ксения Собчак таңданысын жеткізді.

Ксения Собчактың айтуынша, бұл көрме тек бір көрме емес, нағыз мәдени шок болды – жақсы мағынада. 

"Бұл өнер әлемінің шекарасыз екенінің тағы бір дәлелі. Әрқашан күтпеген нәрселерді, тіпті әлемдік өнердің алдыңғы қатарында көрмеген адамдардан да күтуге болады. Қазақстан осынау үлкен жаһандық диалогта өз орнын таба білді және бұл көруге тұрарлық. Қазақстан – бәрекелді!" – деді Ксения Собчак.

Жазба астына қазақстандық оқырмандар түрлі пікір қалдырды. Біреуі елімізде талантты адамдар баршылық екенін жазса, енді бірі журналиске қазақтардың тарихын жете білуі қажет екенін айтып талап қойды.

Фото: Камиль Мулашев "Ақ шөл үстінде" ("Жер және уақыт. Қазақстан" триптихінің сол жақ бөлігі), 1978 ж.

"Ал неліктен сіз қазақтардан күтпедіңіз?", "Мұны көріп, денем түршігіп кетті. Қандай мақтаныш!", "Бір жағынан мақтап, екіншіден кемсіткендей болдыңыз", "Ксения, халық пен ел туралы пікір айту үшін тарихты білу керек. Ең болмаса, көршілес елдердің тарихын", "Ол қазақтар мен Қазақстан туралы өте аз біледі", "Ой, бізді мақтағанды қаншалықты жақсы көреміз!", "Супер! Бізде талантты және шығармашыл адамдар көп!", "Не себепті сонша таңғалдыңыз? Қазақстандықтар прогрессивті халық және олардың арасында көптеген шығармашыл әрі талантты жан бар", – деп желі қолданушылары жазды.

“Жаңа таланттарды көрсеткіміз келді”

Көрме кураторы Анвар Мүсрепов павильонға қойылған жұмыстардың авторы кім екенін және туындыларды кім безендіргенін айтып берді.

"Қазақстанның осындай ауқымды көрмеге қатысуына қызығушылық танытқаны бізді таңғалдырды және қуантты. Бұл қазақстандық заманауи мәдениеттің халықаралық алаңдарда көрсетілуінің маңыздылығын растайды. Біз халықаралық музейлердің кураторлары мен директорларынан көптеген жылы тілектер естідік. Ал биенналенің президенті Пьетроанджело Бутафуоко бізге алғыс хат жолдап, кураторлық жұмыстың жоғары деңгейі мен болашақтың деколонизациясы тақырыбына жаңаша көзқарасты атап өтті", – деді Анвар Мүсрепов.

Фото: Сергей Маслов “Байқоңыр”

Оның айтуынша, біз жиі көшпенді өркениет мұрасымен және дәстүрлі символдармен байланысты имиджді алға тартамыз. Сондықтан осы жолы соңғы онжылдықда қазақстандық мәдениет заманауи өнер формаларын дамытқан жаңа таланттарды көрсеткіміз келді дейді суретші. 

"Кинематографияда, музыкада және заманауи өнерде жаңа толқын пайда болды. Бізге осы заманауи формаларға және олардың тарихпен және дәстүрлі мәдениетпен байланысына көбірек көңіл бөлу қажет. Қазақ футуризмін және ғылыми фантастиканың жаңа толқынын ұсына аламыз ба? Біздің павильон бұл сұраққа оң жауап берді, қазақ даласында терең тамырланған футуризм мен ғарышпен байланысты тұтас тарихты көрсетті.

Венеция биенналесінде Қазақстан биыл екінші рет қатысып отыр. Көрмеде көпжылдық тәжірибесі мамандардан бөлек, жас суретшілердің еңбектері қойылғаны белгілі болды.

Фотода Камил Мулашев, Сәкен Нарынов, Анвар Мүсрепов, Сергей Маслов, Ерболат Төлебаев, Лена Позднякова, Эльдар Тағи

"Біз Қазақстан өнерінің утопия, дистопия және футуризм тақырыптарын бейнелейтін маңызды туындыларын таңдадық. Павильонда танымал суретшілер Ерболат Төлебаев, Сәкен Нарынов, Камиль Мулашев және Сергей Маслов сынды шеберлердің, сонымен қатар жас таланттар Лена Позднякова, Эльдар Тағи және Анвар Мүсреповтің еңбектері қойылған. Әртүрлі буын өкілдерінің шығармаларын біріктіре отырып, 1970, 80, 90, 2000 жылдардағы және қазіргі заманғы суретшілердің маңызды туындыларын көрсеттік", – деп жауап берді көрме кураторы Анвар Мүсрепов.

Осы ретте суретші қандай шығармалар ұсынылғанын және қай жанр басым болғанын атап өтті. Анвар Мүсреповтың сөзінше, экспозиция көрермендерді қазақстандық футуризм (жылдамдық пен технологияны дәріптейтін өнер қозғалысы) тақырыбымен сабақтас. Туындылар кескіндеме, бейнеарт және дыбыстық инсталляциялар арқылы жеткізілген екен. 

“Көрменің басты элементі – көгілдір жарық болды”

"Біз дәстүрлі және заманауи техникалардың үйлесімін қолданып, қиялға бойлап, болашаққа өз көзқарасын іздеу тақырыбын алға тарттық. Көрменің басты элементі – көгілдір жарық болды, бұл даладағы күн батқаннан кейінгі ерекше реңкті еске салатын және әлемдер арасындағы өтпелі кезеңді білдіретін символ болды. Үш көрме залы уақыттың циклдік қабылдауына теңеу ретінде салынып, утопия мен дистопия, хаос пен гармония тақырыптарына ауысып отырды", – деп түсіндірді суретші.

"Жерұйық" көрмесінің мағынасы мен символикасы терең философиялық және мәдени қабаттардан тұрады. Жерұйық – қазақ мифологиясында және халық аңыздарында кездесетін ұғым, ол адамдар үшін ең қолайлы, құтты мекенді, жердегі жұмақты білдіреді. Биенналенің негізгі тақырыбы – "Шетелдіктер әр жерде" өзінің орнын іздеу және миграция тақырыбымен тығыз байланысты. Бүгінде жаһандық сын-қатерлердің бірі – білім өндірудегі иерархиялардан туындаған қиял дағдарысы. Мұнда болашақты елестету тұрғысында түп тамырымызға оралуды және әртүрлілік қосуды маңызды деп шештік", – деді Анвар Мүсперов.

Фото: Анвар Мүсрепов “Аластау”

Ол жобаны дайындау кезеңі, концепцияны әзірлеуден бастап залды іздеуге және жоспарларды құруға дейін шамамен 6 ай уақыт кеткенін айтты. Уақыт тығыз болғандықтан серіктестер де іздеген. 

"Білім беру бөліміне, көркем жобаларды жасауға және биенналеге сапарға жұмсалған барлық шығындарды жобаның ұйымдастырушылары мәдениет және ақпарат министрлігінің, Алматыдағы Италия мәдени институтының қолдауымен жүзеге асырылды", – деді суретші.

Суретшінің сөзінше, биенналеге қойылған көптеген туынды музейлік экспонат болғандықтан сатуға арналмапты. 

Фото: Ерболат Төлебаев “Ақырзаман” (The end og the world).1985

Фото: Лена Позднякова, Эльдар Тағи “Генеративті дыбыстың және кеңістіктік эскиздің болуы) (Рrsence generative sound and spatial piecesketch)

Фото: Сергей Маслов “Байқоңыр”

Фото: Ерболат Төлебаев “Жаңа бала”. Қайта туылу” (New child. rebirth)

Фото: Сәкен Нарынов “Бастаудың соңы немесе соңының басы” (Конец Начала или наало Конца)

Фото: Сәкен Нарынов “Бір жанның алты өмірі” (Шесть жизней одной души)

Фото: “Мобильді блок” Мobile unit. 1979.

Талқылау