Бейтаныс әйел шабуылдаған: Онкологиялық ауруға шалдыққан әйел ауруханада соққыға жығылғанын айтты
Фото: b0latovaa Threads-жазбасынан
Астанада онкологиялық ауруға шалдыққан әйел ауруханада соққыға жығылғанын айтты. Салдарынан көктамыры жарылып кеткен екен. Ол кінәлі адамның жазаға тартылғанын қалайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астаналық әйел ауруханаға талдау анализі үшін қан тапсыруға келген. Сөзінше, ол талон алып, кезегі келгенде кірген. Алайда ауруханаға келушілердің бірі кезегін өткізіп алып, шу шығарды дейді.
“Мен процедуралық бөлмеге кіріп кеттім. Инені тамырға салып жатқан кезде кенеттен кезек үшін шу шығарған бейтаныс әйел кіріп келіп, арқамнан ұрды. Дәл ине салып жатқан жағымнан қарай салып қалды. Ине қатты кіріп, көктамырым жарылып кетті. Еденнің бәрі қан болды. Абдырап қалдым”, – деді әйел.
Науқас қан шашыраған фото-видеоларды көрсетті. Сөзінше, аурухана қызметкері де әрекет етіп үлгермеген. Әйел әлі күнге дейін шоктан шыға алмай жүргенін айтты.
“Мен жұлын ауыстыру отасына дайындалып жүрген едім. Бірнеше жылдан бері жаман аурумен күресіп келемін. Бірақ айналамдағылардың қатыгездігімен жалғыз күресе алмаймын. Сол жайттан соң күні бойы тамақтанбадым. Шаршап, дірілдеп тұрмын. Тіпті тыныш ұйықтай алмаймын, емханаға қайта баруға қорқып қалдым”, – деді ол.
Әйел 10 шілде бірден полиция шақырып, Нұра аудандық полиция бөлімшесіне арыз жазған. Бірақ полицейлер арыз жазбай, істі кешіріммен жылы жаба салғысы келді дейді. Алайда әйел келіспей, сот-медициналық сараптама тағайындалған көрінеді.
Тілшіміз жағдайды Астана полиция департаментінің баспасөз хатшысынан сұрады. Алайда баспасөз қызметі әзірге мұндай ақпарат түспегенін және жағдайдан бейхабар екенін айтып, кейін істі анықтауға уәде берді.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
