"Веган мәзірі беріліп, далада жалаңаяқ жүреді": Алматылық ана қаладағы балабақшаның бірі "сектаны" насихаттайтынын айтып дабыл қақты
Фото: Kainkamal парақшасынан
Kainkamal атты қолданушы өзінің Instagram парақшасында Damodara балабақшасына қатысты күмәнданатынын айтты. Әйел балабақшада бәрі мінсіз көрінгенімен, веган мәзірі, балалардың жалаңаяқ жүруі, діни рәміздердің болуы және барлық платформадағы тым жағымды пікірлер оны алаңдатқанын жазған. Ол белгілі бір идеологияны насихаттайтын орын болуы мүмкін екенін айтып, ата-аналарды сыртқы әдемі көрініске алданып қалмауға шақырды. Бұл жайтты Stan.kz ақпарат агенттігі зерттеп көрді.
“Қазақстанда өзге ағымдағы діни балабақшаны бірінші рет көріп тұрмын”
Жуырда әлеуметтік желіде алматылық ата-ананың белгілі бір балабақшаға қатысты жазбасы қызу талқыға түсті. Автор мекемеге барғаннан кейін сектаға тап болғандай күй кешкенін жасырмай айтып, пікірін ашық жариялады. Оның жазбасында мекеменің ерекшеліктері сипатталып, алаңдаушылық тудыратын бірнеше жайт атап өтілген.
"Веган мәзірі бар. Балалар төсеніші бар жиналмалы кереуеттерде ұйықтайды. Сыртта жалаңаяқ жүреді. Оған қоса, мен барған кезде ол жерде балабақша іздеп жүрген әйел де болыпты-мыс, ол үнемі "қандай тамаша бақша" деп мақтап отырды. Оның секта екеніне дәлел ретінде фото да бар. Сақ болыңыздар!" – деді Kainkamal.
Жазба авторы бұл мекеме туралы пікірлердің басым бөлігі тек оң екенін күмәнмен қабылдаған. Оның айтуынша, балабақшаның YouTube пен басқа да платформаларда тек мақтау естіп, сын пікірлердің өшіріліп отыруы көңілге күдік ұялатқан.
"Жалпы вегандықты немесе жалаңаяқ жүруді сөкпеймін. Бірақ діни белгілердің болуы, барлық платформада жағымды пікірлердің көптігі мені шошытады. Сондай-ақ олардың жеке мектебі де бар екен, бұл да күмән тудырады. Тағы да нақтылап айтамын. Балабақшаның қорғаушыларына бұл менің жеке пікірім екенін ескертемін. Кришнаиттар ма, кімдер екенін білмеймін. Қазақстанда өзге ағымдағы діни балабақшаны бірінші рет көріп тұрмын. Егер осы нәрсе сіздерге қалыпты жағдай болып көрінсе, маған жазып, сендірудің қажеті жоқ. Сол себепті мен сияқты асығып бақша іздеп жүрген ата-аналарға өте мұқият болуды ескертемін", – деді ата-ана.
Әйел егер көңілдеріңізде қандай да бір күдік болса, онда ол бекерден бекер емес дейді.
"Секта дегеніміз ол жерде балаларға жаман қарайды деген сөз емес. Мүмкін біреулерге ұнайтын да шығар, жарайды. Бірақ секта – белгілі бір ілімді, қозғалысты үгіттейтін орта. P.S. Әдетте нақты сектанттар бұл "секта емес" деп жазады. Өкінішке қарай, шындықты кеш түсінеді”, – деді ата-ана.
Фото: kainkamal парақшасынан
Балабақша жайлы пікірталас өрбігеннен кейін, көптеген ата-ана өз ойын бөлісті. Олардың бірқатары қоғамдағы көзқарас қайшылықтарын айтып, екіжүзді болмау керек екенін атап өтті.
Пікір иелері "егер дәл осындай балабақша ислами бағыт бойынша жұмыс істесе, қоғамда жағымсыз реакция көбірек болар еді. Мұндай жағдайда БАҚ өкілдері араласар еді, арыз-шағымдар мен петициялар пайда болар еді. Ал “кришнаны” насихаттайтындарға көз жұмып қарау қашаннан бері қалыпты нәрсеге айналған" дейді.
Басқа ата-ана аталған мекемені бастапқыда қызының балабақшасы ретінде қарастырғанын, бірақ барған сәтте-ақ өзін жайсыз сезінгенін жеткізген. Оның айтуынша, мекемедегі "гуманистік әдіс" пен толассыз мақтаулар күмән тудырған. Сонымен қатар балабақшаның Ресей мен Қырғызстандағы ұқсас ұйымдармен байланысы бар екені айтылып отыр.
“Балабақша расымен басқа діни ағымды насихаттай ма?”
Бұл мәселеге байланысты Damodara балабақшасының әкімшілігі де өз ұстанымын білдірді. Балабақша өкілдері ата-аналардың әртүрлі көзқарастары мен тәжірибелеріне түсіністікпен қарайтынын айтады.
"Маңызды бір жайтты нақтылағымыз келеді. Біздің балабақшамыз ешқандай діни бағытты ұстанбайды. Біз діни уағыз немесе рухани насихат жүргізбейміз. Тәрбиелік ұстанымымыздың негізінде гуманды педагогика, экологиялық тәрбие және баланың тұлғасына деген құрмет жатыр", – деп жауап берді "Дамодара" балабақшасы.
Алматы әкімігіне қарасты білім департаменті мектепке дейінгі білім беру бөлімінің мәліметінше, жеке меншік Damodara балабақшасы 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Балабақша 30 орынға есептелген және тиісті түрде тіркеліп, лицензияланған.
"Меңгерушінің мәліметі бойынша, балабақша гуманды педагогика мен зорлық-зомбылықсыз тәрбие беру этикасы құндылықтарына негізделеді және қандай да бір діни идеологияны насихаттамайды", – деп пікір білдірді білім департаменті.
Алайда "жақын арада тексеріс жүргізіле ме?" деген сауалымызға мардымды жауап ала алмадық.

"Қазақ екеніме сенбейді": Ақтаулық жігіт желіде ерекше келбетімен көзге түсті
