Ватиканда жаңа Рим Папасын сайлау үшін конклав басталды
Фото: Getty Images
Ватиканда жаңа Рим Папасын сайлау үшін конклав басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл – шіркеу тарихындағы 267-ші Папа болмақ. Жаңа Папаны таңдау процесі Әулие Петр шіркеуінде салтанатты месса өткізумен басталды. Қызыл мантия киген кардиналдар шіркеу ішінен өтіп, Сикстин капелласына жиналды.
Биылғы конклавта рекордтық көрсеткіш тіркеліп, 70 елден 133 кардинал қатысады. Сайлау барысының құпиялығын қамтамасыз ету үшін Ватикан қатаң ережелер енгізді. Кардиналдарға сыртқы әлеммен байланысуға тыйым салынған, сонымен қатар тыңдау құралдарының жұмысын бұзатын жоғары технологиялы жабдықтар қолданылып жатыр.
Айта кетейік, тарихтағы соңғы он конклавтың орташа ұзақтығы үш күннен асып жығылғанымен, олардың ешқайсысы бес күннен ұзаққа созылмаған. Ал 2013 жылғы Конклав бар болғаны екі күнге ғана созылған еді.
Алғашқы отырыста бір ғана дауыс беру өткізіледі. Ертеңнен бастап кардиналдар күніне төрт ретке дейін дауыс бере алады. Сайлау нәтижесіз аяқталған жағдайда, Сикстин капелласының шатырынан қара түтін шығады. Ал жаңа Папа сайланған жағдайда, ақ түтін шығып, шіркеу қоңыраулары соғылады. Бұл әлем бойынша шамамен 1,5 миллиард католиктің жаңа рухани көшбасшысы сайланды дегенді білдіреді.
Еске салсақ, 2025 жылдың 21 сәуірінде Рим Папасы Франциск 88 жасында өмірден өткен еді.

"Аяқ-қолым мен маңдайымды кесіп кетті": Алматыдағы қонақүйлерде қыз шомылып жатқанда кабина әйнегі сынып кеткен
