Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Вашингтондағы әуе апатынан ешкім аман қалған жоқ – Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп American Airlines әуе компаниясының Bombardier CRJ700 жолаушылар ұшағы мен әскери тікұшақтың Вашингтонда соқтығысуын "үлкен қайғылы оқиға" деп атап, апаттан ешкім аман қалмағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: АР

Трамп Ақүйде баспасөз мәслихатын өткізіп, оны бір минут үнсіздікпен бастады. Ол түні бойы іздестіру-құтқару операциясы жүргізілгенін және барлық мүмкін ресурстар жұмылдырылғанын айтты.

“Бұл – ел астанасы мен мемлекетіміз тарихындағы қаралы, ауыр түн болды. Біз кенеттен өмірден өткен әр қымбат жан үшін қайғырамыз”, – деді Трамп.

Президент өзі, АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп және 340 миллион америкалық атынан көңіл айтты. 

“Біздің ойымыз да, дұғамыз да сіздермен. Біз сіздерді қолдау, жұбату, осы қайғыдан өтуге көмектесу үшін бар күшімізді саламыз”, – деп уәде берді ол.

Трамп апатқа басқа елдердің азаматтары да ұшырағанын атап өтті. Олардың қатарында ресейлік мәнерлеп сырғанаушылар да болған.

“Ұшақта өте дарынды ресейлік топ болды. Өкінішке қарай, олар осы рейсте болған. Бұл өте ауыр, қатты өкінемін”, – деді АҚШ президенті.

Ол АҚШ тарапы апатта қаза тапқан ресейліктердің денелерін қайтару мәселесі бойынша Ресеймен байланысқа шыққанын және көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен бұл оқиға жайлы сөйлеспегенін айтты. Бірақ ТАСС агенттігінің хабарлауынша, ол өзге мәселелер бойынша байланыс болғанын тұспалдап жеткізген. Дегенмен нақты қандай мәселелер талқыланғаны белгісіз.

АҚШ басшысы апатқа байланысты басқа мемлекеттердің өкілдерімен де сөйлескенін айтты, бірақ егжей-тегжейлі ақпарат бермеді. Қайтыс болғандардың аты-жөні мен ұлты жақын арада жарияланатынын мәлімдеді.

Оқиғаның себептері әлі белгісіз, бірақ Трамптың айтуынша, оның әкімшілігінде "нақты болжамдар мен идеялар" бар. Ол билік барлық егжей-тегжейін анықтайтынын және мұндай қайғылы жағдайдың қайталанбауын қамтамасыз ететінін айтты.

Сонымен қатар Трамп АҚШ-тың бұрынғы президенттері Джо Байден мен Барак Обаманы, сондай-ақ бұрынғы көлік министрі Пит Буттиджичті сынға алды. Ол өзінің 2017-2021 жылдардағы президенттік кезеңінде елдің авиация жүйесінде ең жоғары қауіпсіздік стандарттары болғанын мәлімдеді. АҚШ көлік министрі Шон Даффи Трамптың сөзін түсіндіре отырып, министрлік президенттің тапсырмасына сай реформалар жүргізетінін және мұндай қателердің қайталанбауын қамтамасыз ететінін айтты.



Еске салайық, бұған дейін 29 қаңтар күні кешке American Airlines әуе компаниясының Уичитодан (Канзас штаты) ұшып шыққан жолаушылар ұшағы Вашингтондағы Рональд Рейган әуежайының маңында Black Hawk әскери тікұшағымен соқтығысып, Потомак өзеніне құлады.

Ұшақ бортында 64 адам – төрт экипаж мүшесі мен 60 жолаушы болған, олардың қатарында мәнерлеп сырғанаушылар, жаттықтырушылар және олардың отбасылары бар еді. Тікұшақта үш әскери қызметкер отырған.
Оқиғаның себептерін АҚШ Қорғаныс министрлігінің ұшу қауіпсіздігі орталығының тергеу тобы анықтап жатыр. Қорғаныс министрі Пит Хегсет әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде тікұшақ экипажының тәжірибелі екенін және жоспарлы оқу-жаттығу ұшуын орындағанын айтты. Әскери қызметкерлерде түнгі көру көзілдірігі болғанын да қосты.

Талқылау