Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкенттік 10-сынып оқушысы қант диабетін алдын ала анықтайтын веб-бағдарлама жасап шықты

Арсен Алмасхан қант диабетін алдын ала анықтайтын веб-бағдарлама жасадыФото: gov.kz

15 жастағы өнертапқыш ауру белгілерін жасанды интеллект арқылы анықтайтын арнайы бағдарламаны жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бағдарлама сегіз түрлі көрсеткішті сараптап, диабеттің бар не жоқ екенін анықтап береді. Егер 0 саны шықса, демек бәрі таза, ал 1 саны шыққан жағдайда қант диабеті болуы мүмкін дегенді білдіреді. 

Ол дәрігерді алмастыруға емес, қосымша көмек көрсетуге бағытталған. Болашақта бұл жүйе жеке медициналық кеңесшіге айналып, пайдаланушы енгізген белгілерге қарай ықтимал диагноздарды пайыздық көрсеткішпен ұсынып, ең жақын клиника мен мамандарды көрсетуге мүмкіндік береді. Бұған дейін дәрігерлер әр дертті бөлек тексерсе, Арсеннің бағдарламасына диагноз қою үшін небәрі 3 секунд жеткілікті. Бұл уақытты едәуір үнемдеп, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырады.

Өнертапқыштың айтуынша, идея қарындасына ұзақ уақыт нақты диагноз қойылмай, төрт ай бойы тексеруден өткеннен кейін туған. Арсен адамдарға уақытын үнемдеп, жедел диагностика жасауға көмектесетін жүйе ойлап тапқысы келген. Ол ашық дереккөздердегі 800 адамның медициналық мәліметтерімен сынақ жүргізіп, бағдарламаның 80 пайыз дәлдікпен жұмыс істегенін айтты.

Қазір оқушы бағдарламаны жетілдіру үшін команда жинауды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта қазақстандықтардың медициналық деректеріне ресми рұқсат пен қуатты компьютер қажет. Жоба қолдау тапса, еліміздегі медициналық диагностика сапасы жаңа деңгейге көтерілуі мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық жастар жасаған тіл үйренуге арналған қосымша App Store рейтингінде Duolingo-ны басып озды. Жасанды интеллектке негізделген олардың стартапы іске қосылғаннан кейін небәрі үш күнде 107 елден 90 мың қолданушы жинаған. Алайда қосымша қазақ тілінде болмағаны үшін сынға ұшырап үлгерді. Stan.kz тілшісі жобаның авторларының бірі Асылжан Алтаймен сұхбаттасып, қосымшаның идеясы қалай пайда болғаны, команда жетістікке жету жолындағы қиындықтарын және болашаққа қандай жоспарлар құрғаны туралы сұраған еді.

Балнұр Жұмаділла
Жұма, 05 Желтоқсан, 2025 15:16