Үйінен 129 млн теңге ақша табылған: Астанада салық қызметкері сотталды
Астана қаласында мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Қалалық соттың шешімі бойынша, жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасы бөлімінің басшысы Р. Төлегенов пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған мемлекеттік қызметте белгілі бір лауазымдарды атқаруға өмір бойы тыйым салынды.
"Сот анықтағандай, Төлегенов жеке компания директорынан қосымша құн салығының (ҚҚС) артық төленген сомасын қайтару үшін 3,6 миллион теңге көлемінде пара алған. Бұл сома қайтарылуға тиіс 36 миллион теңгенің 10 пайызына тең. Тергеу барысында антикор қызметкерлері оның үйін тінту кезінде 129 миллион теге көлемінде қолма-қол ақшаны тәркілеген”, – делінген хабарламада.
Төлегеновтің адвокаттары сотқа шағым түсіріп, жазаны жеңілдетіп, айыппұлмен алмастыруды сұраған. Алайда апелляциялық сот бірінші инстанцияның үкімін өзгеріссіз қалдырды. Сот қызметкердің жасаған әрекеті салық органдарының беделіне нұқсан келтіріп, мемлекеттік қызметке деген сенімді әлсіреткенін атап өтті.
Бұл іс мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі қатаң ұстанымын тағы да көрсетті және мемлекеттік қызметкерлерге жауапкершілік жүктелетінін ескертті.
Үкім заңды күшіне енді.
Еске салсақ, Батыс Қазақстан облысында мас күйде жол апатын жасаған әкімдік қызметкері жұмыстан шығарылмаған.