Өскеменде үйіндегілерден зәбір көріп, қашып кеткен қыз ата-анасына қайтарылды
Өскеменде кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясының отырысында қамқоршылық органы балаға зәбір көрсетті деген күдікті отбасыға қызды қайтарып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Биыл маусым айында "Ана үйі" ресурстық орталығының аймақтық маманы адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шығыс Қазақстан облысы бойынша өкілінен кәмелетке толмаған қызды ұрып-соғу фактісі бойынша оның құқығын қорғауға көмектесуін сұрайды.
Аталған дерек бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шығыс Қазақстан облысы бойынша өкілінің бастамасымен Кәмелетке толмағандар істері және олардың құқығын қорғау комиссиясының отырысы өтті. Комиссия отырысына облыстық Балалар құқығы жөніндегі уәкіл, қорғаншылық және қамқоршылық органдары, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекцияның және білім беру жүйесінің өкілдері мен психологтар қатысты.
Отырыс барысында қыздың үйінен бірнеше рет қашып кеткені, үйіне оралғаннан кейін денесінен физикалық зорлық-зомбылық іздері табылғаны, сондай-ақ тері ауруларына шалдыққаны белгілі болды. Жасөспірімнің физикалық және психологиялық жағдайы қанағаттанарлықсыз деп бағаланды.
“Өскемен қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиясы қалалық қорғаншылық және қамқоршылық органдарына өз міндеттерін орындамағаны үшін қорғаншыны қорғаншылық құқығынан айыру туралы мәселені қарауды ұсынды. Сонымен қатар Орталық ғылым академиясының басшылығына кәмелетке толмаған балаға зәбір көрсету фактісі бойынша арыз жазу ұсынылды. Алайда уәкілетті органдар балаға көрсетілген зорлық-зомбылықтың мән-жайын анықтамастан, оны зәбір көрсетуі мүмкін отбасына қайтарған”, – деді Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі.
Тамыз айында омбудсмен өкілі облыстық Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілмен және мемлекеттік органдармен бірлесіп ШҚО прокуроры мен ШҚО полиция департаментінің бастығына кәмелетке толмаған баланың денсаулығына зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғау және объективті тергеу жүргізуін сұрап ұсыным жолдады. Сондай-ақ олар бала құқықтарының бұзылу дерегі бойынша мәселені қарауды талап етті.
“Қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде Өскемен қаласында полиция басқармасының сол жақ жағалаудағы полиция бөлімі Қылмыстық кодексінің 109-1-бабының 1-бөлігімен баланың денесіндегі жарақаттардың объективтік фактілерін анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір қажет тергеу амалдары жүргізіліп жатыр”, – делінген хабарламада.