Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үйі бар қаңғыбаспыз": Өлместің күйін кешкен Қызылорданың шет аймақтарындағы тұрғындардың жайы қалай?

Қызылорда облысы күннен-күнге гүлденіп, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қарқынды дамып келеді. Сыр елінің бас қаласы үлкен құрылыс алаңына айналған. Жыл сайын жаңа нысандар салынып, халық игілігіне пайдалануға беріліп жатыр. Сырдарияның сол жағалауынан да жаңа шаһар бой көтеруде. Алайда Қызылорданың шет аймақ тұрғындары заманауи өркениеттен қол үзіп қалғандарын айтады. Stan.kz тілшісі халық арасында "Кедейлер мекені" аталып кеткен ауданда болып, жағдайды өз көзімен көріп қайтты.

Гагарин, Шанхай, Коммунизм. Бұл Қызылорданың шет аймақтарының атауы. Мұнда көбіне секторлар орналасқан. Дегенмен, Кеңес Одағы тұсында салынған көпқабатты тұрғын үйлер де жоқ емес. Алайда әбден тозығы жеткен нысандарда қарапайым халық әупірімдеп күн көріп отыр.

Бұл Гагариндегі "Таксопарк" аялдамасындағы тұрғын жайлардың көрінісі. Үйлердің басым көпшілігі өткен ғасырдың 60-70 жылдары бой көтерген. Сол уақыттан бері күрделі жөндеу көрмегенге ұқсайды. Шатырларының тозығы жетіп, қабырғалары мүжілген. Кіреберіс қоқыстан көрінбейді, мұрынды жаппай ішке кіру мүмкін емес. Кейбір пәтерлерде адам тұрмайды. Бұрынғы иелері терезелерін өріп, қаңғыбастардан қорғаудың әрекетін жасаған. Бір таңқаларлығы, бұл үйлерге апатты деген атау мүлдем берілмеген.

"Жас кезімнен осы ауданда тұрамын. Әрине, көшіп кеткіміз келеді. Бірақ баратын жеріміз жоқ. Үйімізді сатуға шығарғанымызбен өтпейді. Құны әрі кетсе біржарым миллион болар. Қазіргі уақытта бұл қаражатта алақандай  жер де ала алмайсың ғой. Жанымызды әрең бағып отырмыз. Биліктегілер біздің жағдайымыздан бейхабар", – дейді жергілікті Мұрат есімді тұрғын.

Шанхай мөлтек ауданында да жағдай өте күрделі. Мұндағы халықтың басым көпшілігі зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар. Соған қарамастан, тиісті жағдайлар мүлдем қарастырылмаған. Көпқабатты үй болса да, дәретханалары аулада орналасқан. Әр пәтердің бөлек-бөлек әжетханасы мен себезгісін байқауға болады.

"Бірнеше жыл бұрын үйімізге газ қосты. Оған дейін үйден пеш жағатынбыз. Әр пәтердің терезесінен мұржа шығып тұратын. Есігіміздің алдында балалар ойнайтын ойын алаңдары да жоқ. Бұрын қоқысты тазалықшылар жинайтын. Қазір оларды мүлдем көрмейміз. Үйімізге қонақ шақырып, той жасай алмаймыз. Үйдің аты ғана бар, қанғыбастар сияқтымыз. Қашан құлап қалатыны белгісіз", – деп ашынады Нұржамал есімді тұрғын.

Айта кету керек, жуырда ғана Қызылорда қаласының әкімі ауысқан болатын. Шаһарды бес жылдан аса басқарған Нұрлыбек Нәлібаевтың қызметі жоғарылаған еді. Жұмысына енді кіріскен Ғанибек Қазантаев қордаланған мәселелерді қалай шешетіні әзірге белгісіз.

кедейлер ауданы

Талқылау