Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"12 жыл күттік": Қазақстандық әйел мемлекеттен тегін 10 соттық жерді қалай алғанын айтып берді

Фото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған

Қазақстанның Жер кодексіне сәйкес, әр қазақстандық өмірінде бір рет тегін 10 соттық жер телімін алуға құқылы. Дегенмен бұл жерді қалай алу керек екенін көбі біле бермейді, ал кезекте тұрғандар жерге қол жеткізу өте қиын екенін айтып шағымданады. Stan.kz жер алған адаммен сөйлесіп, осы бағдарламаға қатысты ережелерді қайта қарап, заңгерден сатып аларда қандай қиындықтар туындайтынын зерттеп көрді.

Бұрын жер алғысы келген қазақстандықтар өтініштерін жергілікті әкімдіктерге қағаз түрінде тапсыратын. Кейін бұл үрдіс цифрландырылып, онлайн өтініш қабылдау жүйесі іске қосылды. 2022 жылдан бері көптеген адам өтініш беріп, үмітпен күткенін, бірақ әлі күнге дейін нақты нәтиже жоқ екенін айтып, жылдар бойы кезекте тұрғандарын алға тартады.

Дегенмен армандаған жер теліміне қол жеткізгендер де жоқ емес. Мәселен, 2024 жылдың шілде айында Алматы қаласының тұрғыны Елена Ибрагимова TikTok желісінде видео жариялап, Еңбекшіқазақ ауданынан жер алғанын айтып, қуанышын бөлісті.

Бұл видеодан кейін пікір жазғандар өз тәжірибесін бөлісті. Бірі жер телімін алдым десе, енді екіншісі әлі күнге күтіп отырғандарын, үміт үзгендерін айтты. Мұндай ұзын-сонар кезектің болуы да орынды. Себебі қазір 4 миллионға жуық адам кезекте тұр. Алайда биылғы ақпаннан бастап жер телімдері тек инфрақұрылым тартылған аймақтардан үлестірілмек. Осылайша су мен жарық келмеген жерлерге үй салуға рұқсат жоқ екені айтылды.

"Үйді көтеруге 4,2 миллион теңгедей кетті"

Редакциямыз мемлекеттен көптен күткен 10 соттық жерге ие болған бақытты жандардың бірі ақтөбелік Ақмарал Қусановамен сөйлесті. Жер алу туралы шешім Ақмаралдың өзінің емес, ең алдымен ата-анасының бастамасы болған.

"2007 жылы студент болып жүргенімде, анам, әкем үшеуміз бірге Жер қатынастары бөліміне барып, жер кезегіне өтініш бердік. Ол уақытта бүкіл процесс қағаз жүзінде, халықтың ағыны көп болатын, қолма-қол құжат тапсырып, қолмен кезек нөмірін алып шығатынбыз. Қазір бәрі онлайн, eGov.kz арқылы оп-оңай жасай бересің. Бірақ біз үшін бұл ұзақ және сабырды талап ететін жол болды. Арнайы хабарландыру келді деп айта алмаймын, өйткені біз өзіміз халыққа қызмет көрсету орталығына барып, кезектің қалай жылжып жатқанын тексеріп жүрдік. Осылайша, 2019 жылдың күзінде кезегіміз келгені туралы хабар алдық. Сол күні өтінішімізді қайтадан қарап, бізге Ақтөбе қаласының шетіндегі "Рауан" қалашығынан, дәлірек айтқанда, "Шығыс" тұрғын массивінен жер телімі берілетінін айтты. Біз үш адам мен, анам және әкем бір уақытта өтініш жазғандықтан, үшеуімізге де қатарынан жер берілді", – деді Ақмарал Қусанова.

Ақмарал Қусанова жер алу процесі оңай емес екенін, оны 12 жыл күткенін айтып берді. Оның айтуынша, өзінің отбасы сол жылдың басында өтініш берген. Ал кейбір адамдар жыл соңында ғана өтініш бергендіктен, әлі де кезектерін күтіп жүр.

"Жер алған кездегі сезімді сөзбен жеткізу қиын. Өз туған жеріңде, кішкентай болса да, өзіңнің меншігіңде телімің болғаны – ерекше қуаныш. Ол жерге барып, алғаш рет қазық қаққан сәтімізді видеоға түсіріп, туыстарым мен достарыма жіберіп, қуанышымды бөлістім. Жердің топырағы өте құнарлы, қап-қара. Жеріміздің беті тегіс, құрылысқа ыңғайлы. Қазір сол аумақта электр энергиясы, газ, су толық тартылған. Әкем өз жерінде үй тұрғызып қойды. Биыл үйді жекеменшікке ауыстыру үшін өтініш берді. Үй біткенше мемлекеттен жалға алған секілді беріліп тұрады", – деді Ақмарал Қусанова.

Фото: Stan.kz / Ақмарал Қусанова

Ақмарал Қусанова отбасы жер телімін алған соң, бірден үй салуға бел буған. Құрылыс жұмыстары қомақты қаржыны талап еткенімен, олар бұл істі біртіндеп, өз күштерімен және туыстарының қолдауымен атқарып шыққан.

"Алғашқы шығын фундаментке 600 мың теңге кетті. Артынша үйдің қабырғасына қажет бетон тоннасы материалын алу үлкен қаржыны талап етті. Әкем мен анам екеуі де 1,3 миллион теңгеден несие алды. Сонымен бірге үйдің төбесіне де 1 миллион теңге жұмсалды, оны да несиеге рәсімдеп, қазір толық жауып тастадық", – деді Ақмарал Қусанова.

Бетон тоннасына материалды жеткізу үшін 600 мың теңгеге арнайы қызмет жалданған, бірақ бетонды құю жұмысы тек осы қызметпен шектеліп, негізгі жұмыстарды отбасының өз мүшелері атқарды.

10 соттық жер телімі кімге, қашан және қалай беріледі?

Жер телімдері су және электр желілері жүргізілген аймақтарда ғана беріледі. Жер беру туралы шешімді жергілікті атқарушы органдар – әкімдіктер қабылдайды. Олар әр тоқсан сайын дайындалып жатқан алаңдар туралы және кезекте тұрған азаматтардың тізімін екі тілде ресми сайттарда және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап отыруға міндетті.

Жер алдымен уақытша жалға беріледі, себебі оны меншікке алу үшін алдымен үй салып, игеру қажет. Яғни, жерге үй салынып, қолданысқа қабылдау актісі берілген соң ғана азамат меншік құқығын ала алады. Қазір жер телімдерін беру процесі толығымен онлайн жүйеге көшірілген. Бұл жүйе Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрымен және "Жеке тұлғалар" дерекқоры базасымен біріктірілген.

10 соттық жер телімі әр азаматқа кезегі келген өңірден, яғни өмірінде бір рет қана тегін беріледі. Басқа өңірлерге берген өтініштер жойылады. Егер адам бұған дейін мемлекеттен тегін жер алған болса немесе жер телімі берілмейтін (мысалы, Астана, Алматы және Шымкенте бос жер жоқ) аймақта тұрса, ол жер кезегіне тұра алмайды.

Жеке тұрғын үй құрылысын салу мақсатында, билік 0,10 гектар немесе 10 соттық жер бөледі.

– Бағбаншылар мен жаздық демалысшыларға 0,12 гектар;

– Ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетіндерге суармалы емес жерлерде 0,25 гектар;

– Суармалы жерлерде 0,15 гектар жер беріледі.

10 соттық жер теліміне кезекке қалай тұруға болады?

Кезекке тұру үшін келесі қадамдарды орындау қажет:
•    Электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы электронды үкімет порталында (eGov.kz) авторизациядан өтіңіз.
•    "Жылжымайтын мүлік" бөлімінен "Жер қатынастары" бөлімшесін таңдаңыз.

Фото: eGov.kz сайтынан скрин

•    Сол жерден "Жеке тұрғын үй салуға арналған жер телімін (10 соттық) алу үшін кезекке тұру немесе кезекті қарау" қызметін таңдаңыз.

Фото: eGov.kz сайтынан скрин

•    "Онлайн қызметке тапсырыс беру" батырмасын басыңыз.
•    Өтініш беру барысында "Кезекке қою" түрін таңдаңыз, өзіңізге қажет өңірді көрсетіп, өтінішке ЭЦҚ көмегімен қол қойып жіберіңіз.

Фото: eGov.kz сайтынан скрин

Кім өтініш бере алады?

– 10 соттық жер теліміне өтінішті кез келген кәмелет жасына толған Қазақстан азаматы бере алады.
– Жерге, пәтерге немесе басқа үйге иелік ету бұл құқыққа әсер етпейді.

Кезекті қалай тексеруге болады?

eGov.kz порталында жоғарыда көрсетілген қызмет арқылы "кезекті қарау" опциясын таңдап, ЭЦҚ арқылы тексеруге болады. Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрының Қоғамдық кадастрлық картасында да кезекті көруге болады. Ол үшін аты-жөніңізді енгізу жеткілікті.

Кімдерге жер берілмейді?

Ал заңгер Фархад Курбазаров жеке тұлғалар мен азаматтар жер сатып алу кезінде қандай шектеулерге тап болатынын айтып берді. Заңгердің сөзінше, Қазақстанда шетел азаматтарына ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін жеке меншікке сатып алуға рұқсат етілмейді.

"Жалпы кез келген мақсаттағы жер телімін шетел азаматтары меншікке ала алмайды. Сонымен қатар шектеулер Қазақстан азаматтарына да қолданылады. Егер азамат шетелдікпен немесе азаматтығы жоқ тұлғамен некеде тұрса, ол ауыл шаруашылығы мақсатындағы немесе жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімін жеке меншікке ие бола алмайды. Бұл туралы Жер кодексінің 23-бабы, 4-тармағында нақты айтылған. Қазақстандықтар үшін шектеулер қорғалатын аймақтарға, сақтық аумақтарына, сондай-ақ стратегиялық маңызы бар жерлерге қатысты қолданылады. Жер телімін беру мемлекеттік қажеттілік үшін қарастырылған немесе белгілі бір тұлға үшін резервке алынған болса, жеке тұлғаға берілмейді", – деді заңгер Фархад Курбазаров.

Фархад Курбазаров жер телімін сатып алу кезінде сатып алушы меншік құқығын растайтын құжаттарсыз немесе жалған құжаттармен жасалған мәмілеге тап болуы мүмкін.

Меншік құқығын растайтын құжаттарға мыналар жатады:

•    Жер телімін беру туралы уәкілетті органның шешімі;
•    Сатып алу-сату шарты;
•    Сыйға тарту шарты;
•    Мұрагерлік құқығы туралы куәлік.

"Құжаттардың түпнұсқалығын нотариус немесе әділет органында тексеру қажет. Сонымен қатар жер телімі арестте немесе ауыртпалықта жоқ екеніне көз жеткізу маңызды. Тағы бір қауіпті жағдай құжаттағы көлем мен нақты көлем сәйкес келмей жатады. Бұл Азаматтық кодексті бұзу болып саналады және мәміле жарамсыз деп танылуы мүмкін. Мысалы, мен сізге 10 соттық деп сатып отырмын, бірақ іс жүзінде 7 соттық болып шығады. Яғни сіз 10 соттық үшін төлейсіз, бірақ 7 соттық аласыз. Бұл жағдайда мәміле жарамсыз деп танылып, бұл алаяқтық болып есептелуі мүмкін. Өйткені Азаматтық кодекс бойынша, сатушы сатып алушыға шартта көрсетілген көлемге сәйкес жер телімін беруі керек.

Жер телімі туралы нақты мәліметтерді қалай тексеруге болады?

•    Жерге орналастыру жобасын (землестроительный проект) сұратыңыз;
•    Кадастрлық құжаттарды тексеріңіз;
•    Бұл құжаттарды жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу бөлімінен сұратуға болады;
•    Жер иесі арқылы сұрату арқылы нақты көлемі мен құжаттағы мәліметтің сәйкестігін анықтауға болады", – деді заңгер.

"Ал жер телімін нысаналы мақсатына сай пайдаланбаса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 137-бабы (Жер заңнамасын бұзу) бойынша жауапқа тартылады. Сонымен қатар Жер кодексінің 92-бабына сәйкес, жерді мақсатсыз пайдаланған жағдайда ол мемлекет меншігіне қайтарылуы мүмкін. Мысалы, ауыл шаруашылығына арналған жерге тұрғын үй салынса, бұл заңбұзушылық болып саналады және айыппұл салынып, шектеулер қойылады. Жер телімі пайдаланылмаса немесе заңсыз берілсе, жергілікті атқарушы орган тиісті шаралар қолданады. Мұндай жағдайда жерге орналастыру жобасы мен кадастрлық құны туралы анықтама қажет. Егер жер телімі әкенің атына тіркеліп, ол тірі кезінде оны балаларға бөліп бермеген болса, онда мұрагерлік іс ашылып, жер заң бойынша мұрагерлік тәртіппен рәсімделеді. Ал тірі кезінде сыйға тарту үшін нотариалдық рәсімдер жүргізіліп, жер құқықтық негізде тіркелуге тиіс", – деді заңгер Фархад Курбазаров.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 29 Мамыр, 2025 17:02
Талқылау