Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан мен Шымкент әкімдіктері бір жер учаскені екі түрлі адамға рәсімдеген: Өзбекстаннан келген қандастар үйлерінің сүрілуіне қарсы шықты

Шымкенттегі Шаңырақ шағын ауданынан шу шықты. 20 жыл бұрын Өзбекстаннан көшіп келген қандастарған жергілікті билік сол аумақтан жер үлестірген. Алайда араға 10 жыл салып телім құжатынан былық шығып жатыр дейді тұрғындар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото видеокадрдан скриншот жасалған

Сөздерінше, Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бір жер учаскені екі түрлі адамға рәсімдеген. 

"2016 жылы Асанова деген әйел кісінің сенімді өкілімін деп Оспанов Бекжан келді. Бұл жер менікі деп. Қолыңыздағы құжатты көрсем 326 нөмір екен. Ал, менің жерім 226. Шудың бәрі сол кезден басталды. Жұмысқа кетсем, келіп бала-шағамды корқытады. Үнемі 5-6 адам болып жүреді. Сөйтіп жүргенде өзім өмірімде көрмеген жердің екінші қожайыны сотқа берді. Ал, мен жер қатынастарында істейтіндерге сенімхат беріп, құжатымның түп нұсқасын жоғалтып алдым. Бірер апта бұрын сот орындаушыларымен келіп, үйді сүреміз деді. Қазір менде денсаулық жоқ. Уайымнан аяқ-қолым тартылып, бетім дірілдейтін болған. Бар өтінішім үйім бұзылмасын. Қазақ құстың үйін де бұзбайды ғой. Кімге барып айтатынымды білмеймін. Өзбекстаннан көшіп келерде мұндай жағдайға тап боларымды білген жоқпын", – дейді Әбіләкім Айтқұлов. 

Жасы елуден асқан Әбіләкім Айтқұлов маңдай терімен соққан баспанасын бүгін-ертең сүріп кете ме деген үреймен отыр. Ал зейнетке шыққан Маржангүл Елшібаеваның үйін сот орындаушылары 2 жыл бұрын келіп бұзып тастаған.

Ақ жаулықты қандас статусымен алған жерін қайтарып алғым келеді деп отыр.

Фото видеокадрдан алынған

"Осы жерде екі бөлмелі үйім бар еді. Жағдайымның келгені сол болды. Келінімнің аяғы ауыр кезде бұзамыз деп талай келген. Үлкен жанжалмен біреуінде тоқтаттық. Бірақ, келінім босануға кетіп, бәріміз абыр-сабыр болып жүргенде сүріп тастапты. Ішіндегі дүние-мүліктің барлығы кетті. Уақытша шешіммен қолымызда құжат түгел еді. Тек соңғы құжатты реттейміз деп жүргенде талай жылдан бері төбесін көрсетпеген біреу пайда болып, жерімізге таласты. Не істерімді білмеймін", – деді Маржангүл Елшібаева.

Үреймен күн кешіп жүрген тағы бір қандас Ақжол Өтебаев. Бұған дейін Өзбекстаннан көшіп келген ағасына тиесілі болған жерді жігіт ағасы үш жыл бұрын сатып алыпты. Қолымда құжаттың бәрі түгел деген шымкенттік сотта оның маңызы болмай қалды деп жыларман.

"Әулетімізбен Өзбекстаннан атамекенге оралдық. Бұл жерді мемлекет ағама берген. Одан мен сатып алдым. Маңдай теріммен 2021 жылы екі бөлмелі үй тұрғыздық. Соны аяқтап жатқанда Тимур Ешмұратов деген кісі пайда болды. Жерді даулап, сотқа берді. Екеуміздің қолымыздағы құжат түгел болғанымен, ондағы шешімнің нөмірі жоқ болып шықты. Соған қарамастан сотта жеңіске жетті. Енді кеше "Үйді босатпасаң сүреміз" деп хабарлама жазып жіберіпті", – деді Ақжол Өтебаев. 

Қандастар көшін бастап келген Оңғар Кенжеев болса, Шаңырақ шағын ауданында даулы үйлердің қатары аз еместігін айтады. Әкімдік пен басқарма басшыларының табалдырығын тоздырған ер адам әзірге мәселені шешер бірде-бір шенеунік табылмай тұрғанын айтты.

"Бұл жерде сыбайлас жемқорлық бар деп ойлаймын. Қазір 22 үй даулы болып тұр. Оның біразының орнын ауыстырып, алтауы қалды. Сайрам ауданы кадастр бөлімі бір шешіммен үш мемлекеттік акт берген. Сот қаладан берген қаулыларды заңсыз деп танып жатыр. Сөйтіп, ұрыс-талас осыдан болып жатыр", - деді Оңғар Кенжеев.

Шымкент жер сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысының айтуынша, "Асар" бағдарламасымен көшіп келген қандастарға қанша жер телімі берілгенін нақты білмейді.

"Мен толық нақты қанша отбасына жер берілгенін білмеймін. Бірақ сол кездегі Сайрам ауданы мен Шымкент қаласының шекарасында осы аудан құрылады. Шымкенттен Шаңырақ деген мөлтек аудан, ал Сайрам ауданынан Тұрдабат деген елдімекен құрылады. Сол шекара дұрыс бөлінбеу салдарынан осындай жағдайға алып келіп отыр. Сайрам ауданы біздің жер деп өз шешімімен табыстаған. Шымкент біздің жер деп өзінің шешімімен табыстаған", –деді Шымкент сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы.

Талқылау