Қазақстан әйелдерінің үйдегі тегін еңбегінің құны қанша: Есептеп көрдік

Фото: Freepik.com
Үй жинау, тамақ дайындау, бала тәрбиесі көп жағдайда "әйелдің міндеті" ретінде қабылданады. Бірақ осы жұмыстарды кәсіби қызметтердің бағасымен есептесек, олардың құны айына 1 миллион теңгеден де асуы мүмкін. Мәселен, клининг қызметкерінің бір күндік еңбегі шамамен 12 мың теңге, аспаз 15-20 мың теңге алады, ал бала күтушілердің айлығы 300-400 мың теңгеге дейін жетеді. Соған қарамастан, Қазақстанда мыңдаған әйел дәл осы жұмысты жалақысыз атқарып жүр. Stan.kz тілшісі үй шаруасының нарықтағы құны қанша екенін есептеп көрді.
Мысалы, Қазақстандағы клининг қызметтерінің бағасына қарасақ, бір бөлмелі пәтерді тазалау шамамен 7 мың теңгеден басталады. Екі бөлмелі пәтерде бұл қызмет 9 мың теңге, ал үш бөлмелі пәтерде 12 мың теңгеге дейін жетеді. Егер мұндай қызмет күн сайын көрсетілсе, айлық шығын жүздеген мың теңгеге жетуі мүмкін.
Редакция осындай клингтік орталықтардың біріне хабарласып, үйдің шаршы метріне қарай баға да өзгеріп отыратын білді. Орталық, 3 бөлмелі, шаршы метрі 63 болатын пәтерді, балконы және 1 жуатынан бөлмені қоса алғанда, 60-65 мың теңгеден жоғары болатынын айтты. Алайда бұған пәтерді ылғалды тазарту кірмейтінін атап өтті.
Әлеуметтік желіден де бала күтушісі қызметіне қанша теңге алатынын салыстырып көрдік. Мысалы, кейбірі Алматы облысында 300-350 мың теңге, Астанада 200-250 мың теңге, Алматыдағы Әуезов ауданы үшін 380-400 мың теңге алатынын айтады. Бірақ осы бағаға 2 жасар және 5 пен 8 жастағы балаларды да қарау керек екенін жазып қойған. Мұнда ол күтуші болып қана қоймай, тағы да үй жинап, тамақ та жасау керек екені көрсетілген.
Фото: OLX
Үй шаруасының нарықтағы құны қанша?
Егер үй шаруасы мен бала күтімін кәсіби қызметтер арқылы орындау керек болса, оның ай сайынғы құны айтарлықтай жоғары болуы мүмкін. Қазақстандағы қызметтердің орташа бағасына сүйеніп есептеп көрдік.
Үй жинау (клининг)
Қазақстандағы клининг қызметтерінің бағасы пәтер көлеміне қарай өзгереді. Мысалы:
-
1 бөлмелі пәтер – шаршы метрі шамамен 800 теңгеден басталып, жалпы құны 25 мыңнан 35 мың теңгеге дейін
-
2 бөлмелі пәтер – 35 мыңнан 50 мың теңге аралығында
-
3 бөлмелі пәтер – 50 мыңнан 75 мың теңгеге дейін
Егер 3 бөлмелі пәтерді аптасына екі рет тазалатса:
50 000 × 8 = 400 000 теңге
75 000 × 8 = 600 000 теңге
Яғни айына шамамен 400-600 мың теңге шығын кетеді.
Фото: Stan.kz
Тамақ әзірлеу (аспаз қызметі)
Үйге келіп тамақ дайындайтын аспаздардың қызметі орта есеппен күніне 15-20 мың теңге шамасында.
Егер мұндай қызмет күн сайын көрсетілсе:
15 000 × 30 = 450 000 теңге
20 000 × 30 = 600 000 теңге
Яғни айына шамамен 450-600 мың теңге.
Осы есепке қарасақ, үй шаруасымен айналысатын бір әйелдің еңбегі нарықтағы қызметтердің бағасымен есептегенде айына шамамен 1,5 миллион теңгеден асады.
“Бала тәрбиесі мен үй шаруасына қарау – үлкен еңбек”
Ал Фаризаттың сөзінше, күйеуі ай сайын оған жалақы төлейді, ал ол бұл ақшаны тұрмыс шығындарына, жеке қажеттіліктеріне және жинаққа бөліп пайдаланады.
“Күйеуімнен ай сайын жалақы алып отырамын. Бұл ақша үйдегі тұрмыстық шығындарға да, өзімнің жеке қажеттіліктеріме де жұмсалады. Жалақының 33 пайызы – менің жеке үлесім. Сол ақшаның 40 пайызын жинаққа салып қоямын, ал қалғанын өз қалауымша жұмсаймын. Бұдан бөлек, өзімнің жеке табыс көзім де бар. Онлайн және Алматыда жылдам оқу бойынша курстар өткіземін, жарнама сатамын, сондай-ақ Kaspi арқылы тауарлар сатамын. Тапқан ақшам мен жинағымды күнделікті шығынға жұмсамаймын, оның бір бөлігін акцияларға инвестицияладым. Менің ойымша, некеде жүрген әр әйелдің өз ақшасы болуы керек”, – дейді Фаризат.
Келіншек мұны қалыпты тәжірибе деп санайды. Айтуынша, бала тәрбиесі мен үй шаруасына қарау – үлкен еңбек, сондықтан отбасындағы әйелдің де өз ақшасы болуы керек.
“Мұны өміріне жауапкершілікпен қарайтын, саналы адам ретінде жасаймын. Жұмыс істеп, өз ісімді жүргізіп, табыс тауып, өз саламда сұранысқа ие маман болғым келеді. Тіпті кәсіби салада болмаса да, отбасы ішінде істейтін еңбегіме – үй шаруасына да, бала тәрбиесіне де – ақы алған дұрыс деп ойлаймын. Өйткені бала туу, үйге қарау, отбасыға күтім жасау – бұл да үлкен еңбек”, – дейді Фаризат.
Ол үй шаруасына арнайы тазалық қызметінін шақыратынын айтып қалды.
“Аптасына бір рет үйге клининг қызметі келеді. Сонымен қатар баламызға қарайтын күтуші бар және ерте даму бойынша педагог жұмыс істейді", – дейді Фаризат.
“Келіншегіме ай сайын 200 мың теңге айлық беремін”
Данияр Сұлтанбай та өз тәжірибесін бөлісіп, келіншегіне ай сайын 200 мың теңге "жалақы" беретінін айтады.
“Келіншегіме ай сайын 200 мың теңге айлық беремін. Осылай беріп жүргеніме жарты жылдан асты. Бұл ақша оның жеке бюджеті. Осы ақшаға бет күтіміне арналған заттар алады, курстарға жазылады, кітап сатып алады және басқа да қажетіне жұмсайды. Одан бөлек коммуналдық төлемдер, тұрмыстық заттар, баланың қажеттілігінің бәрі менің мойнымда. Көбі әйелге айлық бергені несі, онсызда үйде отыр ғой деп ойлайтын шығар. Кейде әйел адам да жұмыс істеуі керек, ақша табуы керек деген пікірлерді де естіп жатамын”, – дейді Данияр Сұлтанбай.
Ер адам мұндай ісін шығын емес, отбасының тұрақтылығына салынған инвестиция деп түсіндіреді. Оның пікірінше, үйдегі тыныштық пен қолдау ер адамның табысына да әсер етеді.
“Менің ойымша, ер адам үшін отбасының тыныш болғанынан артық бақыт жоқ. Ақша – сол тыныштықты сатып алудың бір құралы ғана. Ер адамның табысы үйіндегі атмосфераға тікелей байланысты. Әйелімде бәрі жақсы болса, оның энергиясы маған да күш береді. Мысалы, таңертең ертемен таңғы ас дайындап қойып, бетіңнен сүйіп шығарып салса, сондай күймен қалай ақша таппайсың? деген сияқты ғой”, – дейді Данияр Сұлтанбай.
“Әйелдер де күнделікті тұрмыстан шаршайды”
Желі қолданушыларының бірі кейбір ер адамдар "үй шаруасы оңай, бәрін техника істейді" деп айтатынын мысалға келтіріп, әйелдердің де тұрмыстан шаршайтынын жазды.
"Кейбір ер адамдар “Кір жуғыш машина жуады, шаңсорғыш шаңды сорады, ыдыс жуғыш машина ыдысты жуады – үй шаруасы оңай” дейді. Бірақ сол адамдар жалғыз қалғанда тұрмыстан шаршағанын айтып жатады. Әйелдер де күнделікті тұрмыстан шаршайды, кейде демалып алғысы келеді. Өйткені үй шаруасы – тоқтаусыз жұмыс. Оларға бұл үшін айлық не марапат бермейді. Мұны бәрі әйелдің міндеті деп санайды", – деп жазды желі қолданушысы.
“Әйел тек тұрмыс-тіршілік үшін ғана жаратылмаған”
Ал алматылық Кәмшат Шінәділова да үй жинау мен ас әзірлеуге арнайы мамандардың көмегіне жүгіну уақытты үнемдеп, өзіне көңіл бөлуге мүмкіндік береді деп есептейді.
"Көпбалалы әрі жұмысбасты ана ретінде мен көбіне клининг компаниялары мен аспаздардың көмегіне жүгінемін. Біріншіден, уақыт тығыз, екіншіден өзімнің комфортымды да ойлаймын. Үй, бала-шаға, жұмыс деп жүріп үй жинау көп әйелге салмақ түсіреді. Мұның бәрін арқалап жүру әйелдің дамуына да, денсаулығына да кері әсер етуі мүмкін деп ойлаймын. Қазақта “тышқан сойса да, қасапшы сойсын” деген сөз бар ғой. Сондықтан дастархан жайғанда да көбіне аспаздарды шақырамын. Олар бәрін әдемі, дәмді етіп дайындап береді. Мысалы, өткен айда аспазға шамамен 70 мың теңге төледім”, – дейді Кәмшат Шінәділова.
Оның пікірінше, әйел үйде отырса да, жұмысбасты болса да, кейде осындай қызметтерді пайдаланып, өзіне уақыт бөлуі қажет.
“Үй тазалайтын мамандардың қызметіне айына бір рет жүгінемін. Соңғы рет екі қабатты үйімізді 70 мың теңгеге тазалап кетті. Өйткені үйдің тазалығы – үйдің берекесі. Бірақ қолым бос болып, үйде отырған күннің өзінде де менің демалуым керек деп ойлаймын. Қазір мұндай қызметтер әйелдерге берілген үлкен мүмкіндік. Әйел тек тұрмыс-тіршілік үшін ғана жаратылмаған. Ол өзін де ұмытпауы керек. Демалу, қыдыру, өзіне уақыт бөлу де маңызды. Сол себепті осындай қызметтерді пайдаланамын. Жалпы бет күтімі мен осындай қызметтердің бәріне айына шамамен 300-350 мың теңге жұмсаймын", – деді Кәмшат Шінәділова.
Қыз-келіншектердің көбі егер үй шаруасын кәсіби қызметтермен салыстырсақ, оның бағасы өте жоғары болатынын айтады.
Қазақстан әйелдерінің үйдегі тегін еңбегінің құны қанша: Есептеп көрдік