Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үй маңындағы дүкендерде сатылмауы керек – Сенатор Қазақстанда алкогольге тыйым салуға қатысты

сенаторФото: Stan.kz

Өткен аптада сенатор Марат Қожаев алкоголь елге тек зиян келтіреді және оны мүлде тыйым салу қажет деп мәлімдеген еді. Сол кезде ол өзінің ішімдік ішіп көргенін де ашық айтқан болатын.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Енді сенатор толық тыйым салуды емес, "ретке келтіруді" қолдайтынын айтты.

"Иә. Ішкі істер министрінің ұсынысы болды. Ішімдікті үйдің жанындағы қарапайым дүкендерде емес, арнайы орындарда сату керек. Мен бұл ұсынысты қолдаймын", - деді сенатор. 

Кожаев кәсіпкерлер заң аясында жұмыс істеуі тиіс екенін атап өтті: лицензия алып, сауданы белгіленген талаптарға сай жасауы қажет. Оның пікірінше, адал кәсіпкерлер мұндай шаралардың енгізілуінен айтарлықтай зардап шекпейді.

"Бірақ елде алкогольдің еркін сатылуынан қандай шығынға ұшырап жатқанымызды біреу есептеп көрді ме? Біз енді ғана жол қозғалысы қауіпсіздігі туралы айттық. Жыл сайын мас күйінде көлік жүргізгендердің қатысуымен болған апаттарда жүздеген адам қаза табады. Олардың отбасыларын кім қолдайды? Жұмыс берушілер білікті қызметкерлерінен айырылады, жол инфрақұрылымы зардап шегеді, көліктер бүлінеді. Егер алкогольді шамадан тыс тұтынудың экономикалық және әлеуметтік салдарын таразыласақ, нәтиже, бәлкім, оны мүлде сатуға тыйым салу қажет деген ойға жетелейді", — деді сенатор.

Оның айтуынша, Қазақстанда тұрғындары алкогольден толықтай бас тартқан 500-ден астам елді мекен бар. Дегенмен, ол бұл аймақтарда экономикалық өмір тоқтап қалған жоқ, бәрі әдеттегі қарқынмен жалғасып жатқанын айтты. Сонымен қатар, мұндай елді мекендерде құқық бұзушылықтар азайған.

"Уақыт өте келе бұл елді мекендердің тұрғындары басқа өңірлерге қарағанда әлдеқайда сау болатынына сенімдімін. Біз адамның физикалық саулығын қалпына келтіруге орасан қаржы жұмсаймыз. Еңбек өнімділігі туралы айтпай-ақ қояйын. Мен де ханжа емеспін, бұрын алкоголь ішкенмін. Бірақ артық ішкен түннен кейін жұмысқа келесің де, жарты күн өз-өзіңе келе алмайсың. Егер экономикалық әсерін есептесек, алкоголь саудасын күшейтілген тәртіппен реттеу бизнес шығынын толық өтейді деп ойлаймын", — деп түйіндеді Кожаев.

Айта кетейік, бұған дейін Ішкі істер министрлігі Қазақстанда алкогольді онлайн сатуға тыйым салуды ұсынған болатын.

Айнұр Мұхади
Дүйсенбі, 20 Қазан, 2025 15:25
Талқылау