Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үй қызметшісі баланың сүтіне дезинфекциялық қоспа қосып, қашып кеткен

Фото: thethaiger.com

Таиландта баланың ішіп отырған сүтіне дезинфекциялық қоспа қосып жіберген үй қызметшісін іздестіріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Thaiger басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Баланың ата-анасы 26 желтоқсанда тұрақты үй қызметшісі жұмысқа шыға алмағандықтан, оны уақытша алмастыру үшін Усани Паланг-усуды жұмысқа алған. Әйелдің міндеті тек үй жинау ғана болған, ал балаға басқа күтуші қараған. Алайда баланың әжесі оның ішіп отырған бөтелкесінен қатты химиялық иіс шыққанын байқап, күмәнданған.

Әйел дереу қызына хабарласады. Анасы жұмыстан келіп, баланы ауруханаға апарған. Баланың әкесі Паланг-усудан сұрастырғанда, оның мінез-құлқы күдік тудырған. Алдымен ол бөтелкеге тиіспегенін айтса, кейін "жинау кезінде жай ғана сүртіп шықтым" деп жауап берген. Көп ұзамай ол сол сәтті пайдаланып, қашып кеткен.

Бейнебақылау камераларын қарап шыққан ата-аналар уақытша үй қызметшісінің үшінші қабаттан бөтелкені алып, бірінші қабатқа түсіп, оның ішіне дезинфекциялық қоспа құйғанын анықтаған. Сонымен қатар ол үй жинамаған, тек барлық бөлмені аралап, бағалы заттарды суретке түсіріп жүрген.

Бала ауыр зақым алмағанымен, дәрігерлер оны бір түн бақылауда қалдырған.

Баланың анасы бұл оқиғаны әлеуметтік желіде бөліскеннен кейін, тағы бір әйел Паланг-усуды танып, оның бұрын өз үйінде де осындай әрекет жасауға тырысқанын айтқан. Тағы бір тай әйел бұл үй қызметшісінің үйін тонамақ болғанын мәлімдеді. Қазір бөтелкенің ішіндегі сұйықтық сараптамаға жіберіліп, Паланг-усуды жауапқа тарту шаралары қолға алынған.



Еске салайық, бұған дейін үй қызметшісі болып жұмыс істеген бойжеткен құпия миллионер болып шыққанын жазған едік. Жас қыз бірнеше жыл бұрын гонконгтық әйелдің отбасына жұмысқа орналасқан. Біраз уақыт бұрын ол келісімшартты мерзімінен бұрын бұзуды өтініп, туған еліне оралып, тұрмысқа шығатынын айтқан. Үй иелері қыз үшін алаңдап, оны некелік алаяқтардың құрбаны болуы мүмкін деп күдіктенген. Алайда ол сүйген адамына бұрыннан сөйлесіп жүргенін және оның қаржылай қолдау көрсетіп келгенін түсіндірген.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 07 Қаңтар, 2026 17:55