"Үстінен 50 адам арыз түсірген": Балғынбек Имашев алаяқтық бойынша күдікке ілінген ұлына қатысты пікір білдірді
Айтыскер ақын Балғынбек Имашевтың ұлы Данияр Имашев алаяқтық фактісі бойынша тергеуге алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Жеке парақшадан алынды
Данияр Имашев бұған дейін "Qazaq Travel" компаниясының атқарушы директоры қызметін атқарған. Компания арқылы қажылыққа бармақ болған азаматтар сапардың соңғы күні ұшпайтынын естіген. Жәбірленушілер Әуезов аудандық полиция басқармасына шағым түсірген. Айтуларынша, компания бір күн қалғанда сапардың болмайтынын хабарлаған, алайда алдын ала ешқандай ескерту жасалмаған. Мәдина мен Меккеге аттана алмаған 50-ге жуық адамның шағымынан кейін полиция алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс тергелгенін растады. Бұл іс аясында үш адам күдікті деп танылған, олардың қатарында компанияның бұрынғы атқарушы директоры Данияр Имашев та бар.
“Келісімшарт қоқыс сияқты жатыр”
“Біз әлі шулатамыз. Жазған пікірлерімізді оқымай отыр. Жасаған келісімшарт қағаздары қоқыс болып, үйіліп жатыр. Директоры Балғынбек Имашевтің ұлы екен. Кеңселерінде Меккеден басқа да мемлекеттерге саяхаттау жоспар кестесін іліп қойыпты. Құдай білсін, қанша адамның ақшасын жеп қойғанын”, – деді Мадина Жеңісқызы.
Одан кейін Stan.kz инстаграм парақшасына Нұрсәуле Шәкен есімді желі қолданушысы төлем жасалған ақшаның түбіртегін де жіберді.
Фото: Нұрсәуле Шәкеннің жеке мұрағатынан алынды
“Qazaq travel компаниясы арқылы умраға жолдама алған едік. Неше күннен бері алданып отырмыз. Қазір 80 адам қажылыққа кете алмады. Сақтық ретінде халыққа ескерту жасасаңыздар екен. Компаниядан ақшамызды қайтара алмай әлек болып отырмыз”, – деп жазды жәбірленуші.
Stan.kz тілшісі аталған мәселе бойынша айтыскердің өзіне хабарласып көрді.
“Ақтөбеде сапарда жүргенде естідім. Алматыға келіп, істің мән-жайымен таныстым. Алланың сынағы болар. Бірақ халық пен журналистер шулайтындай жағдай емес еді. 50-ге жуық адам шағымданыпты. Qazaq travel компаниясы 10 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Бірнеше рет умраға бардық. "Алаяқ компания", "елді жеп жатыр" деген сөздер ешқандай шындыққа жанаспайды. Осы мәселенің артында кім тұрғанын білмеймін. Бірақ аяқтан шалу, компанияның жолына кедергі болу секілді көлеңкелі тұсы да болуы мүмкін. Кім білсін?! Бір жағынан баламның білместігі де, жастығы да бар шығар?! Негізі даудың басы әуе билетінің басқа күнге ауысына байланысты туған. Жолаушылар соған дүрлікті. Қазір екі тарап ымыраға келіп, түсіністік танытты. Бәрі оңынан шешілсін”, – деп жауап берді айтыскер ақын.
Еске салайық, Алматыда ер адам 180 қазақстандықты Меккеге қажылыққа апарамын деп алдап кеткенін жазған едік.