Ұшақта екі адамға арналған орында отыруға мәжбүр болған әйел ұялғаннан 50 келіге арықтаған
Бір адамға лайықты салмақ пен көлемнен асып кеткен әйел аз уақыттың ішінде 50 келіге арықтаған.
Рози Меркад есімді әйел жұмыс бабымен ұшаққа жиі отыруға мәжбүр. Әуежай қызметкерлері оның семіздігі мен екі адамның орнын бір-ақ алып отыратын көлемі үшін жол ақысын екі есе алып келген.
«Басында мен бұндай қарым-қатынасқа ашуланатынмын. Кейіннен үйреніп, қарапайым дүние сияқты қарайтын болдым. Бірде маған «қатар тұрған екі бос орын жоқ» деді. Оны кезекте тұрғандардың барлығы естіді. Ұялғаннан не істерімді білмей кассадан ертерек кетуге тырыстым. Сол күннен бастап өзімді өзгертуге бет бұрдым. Әрине барлығын арықтаудан бастадым»,-дейді 36 жастағы Рози.
Расымен де 3 баланың анасы аз уақыттың ішінде адам танымастай өзгеріп шыға келді. Ол шешім қабылдаған күннің ертесінде диетологқа жазылды. Диетолог оған қатаң әрі нәтиже боларлық диета жазып берді. Рози аптасына үш күн жеке бапкермен дайындалатын жаттығу залына да жазылды.
Розиға диета мен жаттығу залы ғана көмектескен жоқ. Ол қарны мен санындағы артық майларды ота арқылы алдырды.
Осының арқасында 50 келі салмақтан арылған әйел енді модель болып жұмыс істеп жүр.
Қазір оның Инстаграм парақшасына 78 мыңға жуық адам жазылған. Семіздікпен күресіп жүрген қыздарға Рози өз тәжірибесінен кеңес беріп отырады екен.