Үш облыста автожолды су басты
Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері үш облыстағы автожолды су шайды. Бұл туралы ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасарының сөзінше, қазіргі маусымдағы маңызды мәселе – су тасқынын жою.
“Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері республикалық желі бойынша Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында автожолдың жүріс бөлігін еріген қар суы басуының 8 қысқамерзімді жағдайы тіркелді”, - деді Амангелді Беков.
Сонымен қатар ол Ақтөбе облысындағы автожолда қар суын өткізетін төсем ашылғанын айтты.
“Ақтөбе облысында Қобда кентінің маңындағы "Самара-Шымкент" автожолының 613 шақырым учаскесінде еріген қар суын өткізу үшін жол төсемі ашылды. Жол төсемі қалпына келтіріліп, көліктердің қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысы үшін барлық жағдай қамтамасыз етілді. Бүгінгі таңда қозғалысқа шектеу жоқ”, - деді Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары.