"Университеттер Алматыдан тыс жерге көшіріледі": Алматыгенплан директоры жоба туралы айтты

Фото: pixabay.com
“Алматыгенплан” ғылыми зерттеу институтының бас директоры Асхат Садуов мегаполистің жүктемесін азайту үшін Алматы маңынан жаңа оқу кампустарын салу қарастырылып жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қоғамдық тыңдау жиынында сыртқы аудандарда тұратын студенттер университетке ұзақ уақыт жол жүретіндеріне шағымданды.
"Мен оқуға жету үшін үш жарым сағат кетіремін. Университеттерді қала шетінен салуға бола ма?" – деді қатысушылардың бірі.
Асхат Садуов мәселені шешу үшін "Ғылым қаласын" салуды жоспарлап отырғандарын еске салды.
"БАКАД бойында, Күлджинская мен Алатау қиылысында 500 гектар аумаққа үлкен ғылым қаласының жобасы жасалып жатыр. Онда алматылық төрт университеттің кампустары салынады", – деді ол.
"Алматыгенплан" директорының айтуынша, қалалық Алатау ауданында да кампустар қарастырылған. Бұл Алматыдағы қазіргі университеттердің жүктемесін азайтуға арналған.
"Екі жоба да үкіметтің бақылауында – Ғылым қаласы мен Алатау. Екі жерде де көптеген кампустар жоспарланған. Бұл студент ағынын таратуға мүмкіндік береді", – деп қосты Садуов.
Дегенмен жобалардың нақты жүзеге асу мерзімі, сондай-ақ қай университеттер мен кампустарды көшіру жоспарланып жатқаны әзірге белгісіз. Садуовтың айтуынша, қазіргі кезде бірнеше университетпен келіссөздер жүргізілуде.
- 2026 жылы Қазақстандағы жоғары оқу орындарында оқу ақысы 5-7% өспек
- Қазақстандық мектептер мен университеттер әлемде алғаш болып ChatGPT Edu жүйесіне қосылады
"Ғылым қаласының орналасуы өте ыңғайлы. Сондықтан мемлекет бұл екі жобаның (Ғылым қаласы мен Алатау) жүзеге асуы үшін барлық механизмдерді жасап жатыр. Ал университеттермен келіссөздер – өзге мәселе. Кейбір университеттер көшуге қызығушылық танытып отыр", – деді ол.
Алматыда 2040 жылға дейін мегаполисті дамытуды анықтайтын жаңартылған Генеральдық жоспар жобасының қоғамдық талқылауы өтіп жатыр. Асхат Садуовтың түсіндіруінше, бұрын түзетулер жобасы қаланың сәулет және қала құрылысы басқармасының ресми ресурстарында жарияланған.
Әуежайда әйелдің өмірін сақтап қалған Мұса Әбдірайым – “Жыл адамы 2025” атанды