Астанадағы халықаралық мектепте Бірлік күні аталып өтті
Бірінші мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Астанадағы Spectrum International School қабырғасында халықаралық Unity Day мерекесі өтті. Ұлттар мәдениетін біріктіретін айтулы шарада мектеп оқушылары мен арнайы шақырылған қонақтар мерекелік концерт қойып, әлемнің 30 елін таныстыратын жәрмеңке ұйымдастырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Бұл күн – мәдениетаралық диалогты нығайтуға, оқушылардың әлемге деген көзқарасын кеңейтуге және қоғамға пайдалы әрекет жасауға бағытталған маңызды бастама", – дейді Unity Day мерекесін ұйымдастырушылар.
Мерекенің ашылу салтанатында "Білім-инновация" халықаралық қоғамдық қорының бірінші вице-президенті Ержан Әубәкіров сөз алып, шараға жиналған қауымды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.
"Бүгінгі көктемнің шуақты күнінде Spectrum мектебінде бас қосып отырмыз. 2007 жылы ашылған Spectrum мектебі білім сапасын арттыруға зор мүмкіндік беріп отыр. Алуан елдің, әр түрлі ұлттың өкілі болсақ та, құндылықтарымыз ортақ. Құндылықтар – біздің және осы мектептің негізгі драйвері. Бірлік – барлығымыздың тату-тәтті өмір сүруімізге әсер ететін негізгі құндылығымыздың бірі. Ендеше, бірінші мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын", – деді Ержан Әубәкіров.
Халықаралық мектеп отыздан астам ұлт өкілінің басын қосып отырған білім ордасы болғандықтан, бұл мереке жыл сайын зор дайындықпен ерекше аталып өтеді.
"Қазақстанда биыл Бірлік күні 1996 жылдан бері 29-рет аталып өтіп отыр. Қазақстан халқының бірлігі күні Spectrum құндылығын паш етеді. Мектеп ұжымы мен оқушылар 30-дан астам әртүрлі ұлттың өкілінен құралған. Сондықтан біз үшін бұл мерекенің маңызы зор", - деді мектеп директоры Джонатан Феррейра құттықтау сөзінде.
Ұлттар шеруінен басталған мерекелік концертте халықаралық мектептің оқушылары қазақтың "Қамажайынан" бастап түрлі елдің ұлттық әні мен биінен шашу шашты.
Үнді қызы Кришна Мауриа Қазақстанға таяуда көшіп келген. Ол мерекелік концертте сыныптастарымен бірге жапон әнін орындап берді.
"Қазақстанға 1 қаңтарда келдім. Содан бері осы мектепте білім алып жүрмін. Бұл тоқсан қызықты өтті. Өйткені мұнда өз елімнің мәдениетін таныстырып, өзге елдердің мәдениетіне қанықтым. Мұндай шара басқа елдерде де ұйымдастырылып тұрса екен деген тілегім бар. Бұл –шын мәнінде айтулы оқиға. Бүгін қайырымдылыққа қаржы жинап жатырмыз. Мұның мән-маңызы терең", - дейді Кришна.
Бұл шараның басты ерекшелігі – осы мерекеге орай арнайы ұйымдастырылатын қайырымдылық жәрмеңкесі. Директордың қоғам жөніндегі орынбасары Мөлдір Сейілханқызының айтуынша, жәрмеңкеден түскен барлық қаражат қайырымдылыққа жұмсалады екен.
"Мектебімізде жыл сайын 1 мамыр күні Бірлік күні аталып өтеді. Шарада отыз түрлі мемлекет өкілдері өз өнерін көрсетіп, ата-аналардың ат салысуымен жәрмеңке өткіземіз. Жәрмеңкеде әртүрлі ұлт өкілдері ұлттық тағамдарын, ұлттық киімдері мен қолданбалы өнерін таныстырады. Жылда қайырымдылықтан түскен қаражатты жағдайы төмен отбасыларға немесе ауыр дертпен күресіп жатқан жандарға жіберіп, игі іске бастамашы болып келеміз", – дейді Spectrum International School оқытушысы.
Сондай-ақ шара барысында ата-аналар мен мерекеге қатысушылар арасында бағалы сыйлықтар мен Мальдив аралдарына жолдама ойнатылды.
Spectrum International School – әлемнің 35 елінен жиналған оқушыларға халықаралық білім беретін жетекші оқу орны. Мектеп Cambridge бағдарламасын ұсына отырып, мәдени әртүрлілікті және әлеуметтік жауапкершілікті дамытуға ерекше мән береді.

"Мәһрге наубайхана ашып беруді сұрадым": Египеттік жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойы желіде қызу талқыға түсті
