Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үндістанда химиялық заттар тиелген кеме суға батып, дабыл жарияланды

Фото: Үндістан қорғаныс министрлігі/ Indianexpress

25 мамырда Үндістанның Керала штатының жағалауында, Араб теңізінің суларында химикаттар тиелген контейнерлерді тасымалдап бара жатқан MSC ELSA 3 контейнерлер кемесі аударылып, суға батып кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Indian Express басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Кеме Кочи портынан 38 теңіз миль қашықтықта суға батып кеткен. Бортта барлығы 640 контейнер болған, оның ішінде 13-іне "қауіпті заттар", ал 12-сі кальций карбиді тиелген. Сонымен қатар кеменің багында 84,4 тоннадан астам дизель және шамамен 367 тонна мазут болған. Бұл жағдай экологиялық апат қаупін тудырды.

Үнді билігі мұнай өнімдерінің төгілу қаупі бар екенін ескертті.

Жағалау күзеті экологиялық ластануға қарсы әрекет етуге бағытталған кешенді дайындықты іске қосқан. Арнайы экологиялық хаттама іске қосылып, дабыл жарияланды.

Құтқару және экологиялық қызметтер жағдайды әуеден бақылап отыр. Бұл үшін мұнай дақтарын анықтау жүйесімен жабдықталған ұшақтар қолданылды. Қазір жанармайдың төгілу белгілері тіркелген жоқ. Бірақ бақылау жұмыстары жалғасып жатыр.

Үндістанның төтенше жағдайлармен күрес басқармасы жергілікті тұрғындарды сақ болуға шақырып, суға батқан кемеге тиесілі болуы мүмкін және жағаға шығар заттардан аулақ болуға кеңес берді.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 26 Мамыр, 2025 09:27
Талқылау