Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үндістанда алапеске шалдығып, базарда қайыр сұрап жүретін ер адамның 3 жылжымайтын мүлігі, көлігі және жалға берілетін авторикшаларға иелік ететіні анықталды

Фото: Dailymail.co.uk

Үндістанда шенеуніктер алапеспен ауыратын қайыршыны көшеден алып кетуге көмектескен, алайда көп ұзамай оның үш жылжымайтын мүлік нысанына, бір автокөлікке және табыс табу үшін жалға берілетін авторикшаларға иелік ететіні белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тек Мангилал деген атымен белгілі 50 жастағы ер адамды Сарафа базарындағы жұрт көп жылдан бері таниды. Ол жүре алмайтындықтан, дөңгелегі бар шағын ағаш тұғырда аяғын айқастырып отырады да, соның көмегімен аумақ ішінде баяу қозғалады.

Ол қолын тротуарға жарақаттап алмау үшін, қозғалған кезде қолын аяқкиімнің ішіне салып қозғалыс жасайды. Мангилал жағдайының ауырлығына қарамастан, бірде-бір рет өтіп бара жатқан адамдарға жақындап, қол жайған емес. Ол үнсіз, бір орында қозғалмай отырып, бұл оның мүшкіл халін одан әрі айқындай түсетін.

Алайда бұл образ жергілікті шенеуніктер көшеде жүрген осал адамдарды көшіру науқаны аясында араласқан кезде жоқ болды.

Мангилалды алып кетіп, жуындырғаннан кейін және таза киім берген соң жүргізілген тексеріс оның үнді рупийімен есептегенде миллионерлер қатарына енуіне мүмкіндік беретін мүлкі бар екенін көрсетті. Бұл оның ұзақ уақыт бойы ешкімге байқалмай қайыр сұрап қалай жүргені жөнінде сұрақтар туғызды.

Индор округінің магистраты Шивам Верма:

“Әріптестерім оның үш қабатты үйі, екінші бір үйі және мемлекеттік әлеуметтік қолдау бағдарламасы аясында берілген, ата-анасымен бірге тұрып жатқан пәтері бар екенін анықтады”, – деді.

Сонымен қатар жалға берілетін автокөлік пен авторикшалары бар екені де анықталды.

Тексеру барысында Мангилал қайыршылықтан жиналған ақшаның күнкөріске жұмсалмағанын, керісінше “Сарафа” қорына қайта инвестицияланғанын мойындады.

Ол жергілікті саудагерлерге бір күнге немесе бір аптаға қолма-қол ақша қарызға беріп, пайыз алып отырған, ал сол пайызды күн сайын кешке өзі жинап отырған.

“Индорда қайыр сұрау да, садақа беру де қылмыс саналады. Біздің мақсатымыз – адамдарға лайықты өмір сүруге көмектесу”, – деді Верма.

Сондай-ақ билік өкілдері Мангилалдың банк шоттарында қанша қаражат бар екенін тексеріп жатыр.

Верма алғашқы қадам ретінде үкімет берген әлеуметтік пәтерден оны айыру жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Бұл дерек қалада қайыршылықпен күрес науқаны барысында, яғни шын мәнінде қиын жағдайда жүрген адамдарды анықтау мақсатында белгілі болды.

Мангилалдың байлығы туралы қауесет тараған сайын, оның отбасы алаңдаушылық білдіріп жатыр.

“Бұл – бір түсініспеушілік. Оның мүлкіне қатысты жалған мәлімдемелер айтылып жатыр”, – деді оның жиені.

Бұл жағдай 2024 жылғы ақпанда басталған Индор қаласындағы қайыршылықпен күрес науқанына күтпеген сипат берді.

Ресми деректерге сәйкес, қалада шамамен 6500 қайыршы бар.

Бүгінде 4500 адам кеңес алғаннан кейін қайыршылықтан бас тартқан, 1600 адам құтқарылып, оңалту орталықтарына жіберілген, ал 172 бала мектепке қабылданған.

Айта кетейік, бұған дейін некелескеніне 19 жыл болған ерлі-зайыпты ағалы-қарындас болып шыққаны хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Бейсенбі, 22 Қаңтар, 2026 23:25