Үндістан мен Пәкістандағы су тасқыны: 365-тен астам адам қаза тапты
Фото: Stringer/REUTERS
Үндістан мен Пәкістанда нөсер жауын мен су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 365 адамға жетті. Оның кемінде 300-і Пәкістанда көз жұмған. Бірқатар елді мекенді су басқаннан кейін көптеген тұрғындар хабар-ошарсыз кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі dw.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Аймақтағы Гималай бөктерінде кенеттен болған су тасқыны мен жер көшкінінен құрбан болғандар саны 365-тен асып түсті. Жергілікті төтенше жағдайлар агенттігінің мәліметінше, ең көп зардап шеккен өңір – Ауғанстанмен шектесетін Пәкістанның Хайбер-Пахтунхва провинциясындағы Бунер округі. Онда құтқарушылар лай мен қираған үйлердің астынан адамдардың денесін шығарып, тірі қалғандарды іздеп жатыр. Ауа райының қолайсыздығы мен апат болған аумақтың алыс орналасуы құтқару жұмыстарына кедергі келтіріп отыр. Әскерилер де апат аймағында жұмыс істейді.
Бұған дейін провинция басшысы Али Амин Гандапур хабарлағандай, Мохманд округінде гуманитарлық көмек жеткізіп келе жатқан аймақтық үкіметтің Ми-17 тікұшағы құлаған. Экипаждың бес мүшесі, оның ішінде екі ұшқыш қаза тапты. Провинция билігі 16 тамызды аза тұту күні деп жариялады. Шығын көлемі әзірге есептелген жоқ.
Үндістан бақылауындағы Кашмир аймағында да құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Жергілікті билік дерегінше, 65 адам қаза тауып, кемінде 200 адам жараланған, олардың көпшілігінің жағдайы ауыр. Қиын таулы аймақта орналасқан Киштвар округінде әлі де құрбандар болуы мүмкін деп болжанып отыр. 33 адам хабар-ошарсыз кеткен.
Бұл өңір индуистердің қажылық сапарындағы танымал бағыттардың бірі. 14 тамызда нөсерден кейінгі тасқын 100-ден астам қажы аялдаған дала асханасын толығымен шайып кеткен. Құрбандар Пәкістан бақылауындағы Кашмирде де, сондай-ақ Үндістан және Қытаймен шектесетін Гилгит-Балтистан аймағында да тіркелді.
Үндістанда жойқын лай көшкінінен кейін жүзге жуық адам із-түзсіз жоғалып кетті (видео)
Бейжіңдегі су тасқыны салдарынан 30 адам қаза тапты
Еске салайық, бұған дейін Пәкістанда муссон маусымы жыл сайын нөсер жауын мен су тасқындарына әкелді. Пәкістанда муссон маусымында нөсер жаңбыр жиі жауды. Дегенмен сарапшылар биылғы маусымды "әдеттен тыс" деп бағалап отыр. Жазғы муссондардан Пәкістанда 600-ден астам адам көз жұмған. Шілде айында Пенджаб провинциясында жауын-шашын былтырғы жылмен салыстырғанда 73%-ға көп жауған. Бұл өңірде бір айдың ішінде өткен жылғы бүкіл маусымнан да көп адам қаза болды. Үндістан үшін бұл тамыздағы екінші ірі су тасқыны. Өткен аптада Уттаракханд штатындағы Гималайдағы Дхарали ауылын сел басып, 70-тен астам адам опат болған. Дәл нақты деректер әлі жарияланған жоқ. Сонымен қатар Непалда да сәуір айынан бері муссондар мен қолайсыз ауа райы салдарынан болған су тасқыны мен көшкіндерден кемінде 124 адам қаза тапты.

"Киіктерді өз өмірінің құнымен қорғаған батыр": Қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің қаруланған броконьерлерді қуамын деп қалай қаза тапты
