Не себепті қазақстандық балалар Ұлттық қордан үкімет уәде еткен соманың үштен бірінен аз алды – Дүйсенованың жауабы
Көп бала туған сайын балалардың Ұлттық қордан алатын ақшасы азая беруі туралы сұраққа премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ОКҚ
Журналистер вице-премьерден бастапқыда аударылу керек болған 160 доллардың 100 долларға дейін азайып кетуінің себебін сұрады.
Тамара Дүйсенованың сөзінше, бұл еліміздегі демографиялық жарылыспен байланысты екен. Алғашында әр балаға берілетін ақшаны есептегенде, сарапшылар елімізде мұншалықты көп бала дүниеге келеді деп ойламаған.
"Инвестициялық кірістің 50%-ы деп айтылды. Бұл жерде біз инвестициялық кірісті балалардың санына бөлеміз. Аллаға шүкір, балалар көбейіп жатыр. Қаржы министрлігі былтыр мамыр айында есептеген еді. Мөлшермен айтқанда осындай сума болатын шығар деп айтты", – деді ол.
Айта кетейік, елімізде "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы аясында он сегізге дейінгі әр қазақстандық балаға 100 доллар берілді. Аталған суманы білім алуға және баспаналы болуға жұмсай алады. Бірақ қазақстандықтар ақшаның мөлшерінің білім және баспана алуға жетпейтінін айтып жатыр. Журналистер "жыл сайын болатын инфляцияны есепке алсақ, ештеңе қалмай қала ма?" деген қарапайым халықтың күдігін жеткізді.
"Біріншіден, жыл сайын инвестициядан кіріс түсіп тұрады. Ұлттық банктың басқа әлеуметтік төлемдерді инвестициялау тәжірбиесіне қарап баға берсек, жақсы кіріс беріп отыр. Мәселен зейнетақы қорындағы қаржыны 2014 жылдан бері инвестициялап келе жатыр. Ұлттық банк инвестициялайды және балалардың жинағы қажет деңгейдегі қаржы мөлшері болады деп ойлаймыз", – деді ол.
БАҚ өкілдері "тағы демографиялық жарылыс болса, қаржы бұдан да азая ма?" деп сұрады.
"Сіздіңше, біз не істеуіміз керек? Біз Ұлттық қордағы ақшаны бөліп беріп қарап отыруымыз керек пе? Біз байлығымызды азаматтар арасында бөліп беруді бастап жатырмыз. Бірінші балалардан бастадық. Ұлттық қордың кірісі, жинақтың кірісіне қатысты экономистеріміз жұмыс істеп жатыр. Сондықтан үмітімізді үзбейік!" – деді Тамара Дүйсенова.
Бұған дейін "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы бойынша ақшаны алу ережелері бекітілгенін жазған едік.
Сондай-ақ осыған дейін қазақстандық әр балаға "Ұлттық қор — балаларға" жобасы аясында жыл сайын 150-160 доллардан төленетіні айтылған еді. Мұндай деректерді қаржы министрлігі келтірген.