Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үлкендер кішілерді тәрбиелеген": 9-сынып оқушысы көз жұмған Қопа ауылындағы мектепте әлімжеттік фактісі жасырылып келген

Балалар жөніндегі жедел уәкіл Динара Зәкиева 9-сынып оқушысы қаза тапқан Ақтөбе облысындағы Қопа ауылына барды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: facebook.com/dinara.zakiyeva

Динара Зәкиева оқушының өлімінің мән-жайын анықтау және мектептегі жағдайды тексеру үшін барлық қызметтердің, соның ішінде психологтың, мектептің әлеуметтік қызметкерінің және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторының жұмысымен танысқанын атап өтті.

"Аудан прокурорымен бірлесе отырып, оқушылар арасында анонимді сауалнама жүргіздім, сондай-ақ өткен жылы психолог жүргізген сауалнаманы да талдадым. Талдау нәтижесінде мектепте балалар арасында "система" бар екені анықталды. Бұл жүйе бойынша үлкендер өзінен кішкентайларды "тәрбиелейді" екен, сондай-ақ бопсалау белгілері және басқа да шұғыл араласуды қажет ететін мәселелер де анықталды. Ссы нәтижелердің барлығы аудан әкіміне, мектепке және жергілікті полицияға ұсынылды", – деді балалар омбудсмені әлеуметтік желідегі парақшасында.


“Ұрғандардың бәрі мұғалімнің баласы”: Ақтөбеде көз жұмған жасөспірімнің әпкесі інісінің жоғары сынып оқушыларының қолынан қаза тапқанын айтты


Зәкиева буллинг мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық мәселесі еліміздің барлық өңірінде өзекті болып отырғанын атап өтті. 

"Президент әкімшілігімен және мемлекеттік органдармен әрбір мектепке жеке кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторды қайтару бойынша бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Бұған дейін әр мектепте өз инспекторы болған, бұл оң нәтиже берген еді. Кейін инспекторлардың көпшілігі учаскелік полиция бөлімшелеріне ауыстырылды. Қопа ауылы орналасқан Темір ауданында 27 мектепке бар болғаны үш инспектор болған, ал ауылдар арасындағы қашықтық көлікпен 2-3 сағатқа дейін барады. Облыста 430 мектеп болса, инспекторлар саны 60 қана. Бұл мектептердегі балалар арасындағы қылмыстың өсуіне әсер етеді”, – делінген жазбада. 

Балалар омбудсменінің айтуынша, өңірлерде балалардың құқықтарын қорғауға және барлық қажетті шараларды үйлестіруге жауапты, бақылау функциялары бар органдар жоқ.

"Қазір мектептер оқу орны мен директордың имиджін сақтау үшін заң бұзушылықтар мен келеңсіз процестерді жасырады, өйткені соңында олар жазаланады. Осыған байланысты әлеуметтік педагогтарды балалардың құқықтарын қорғау департаменттері мен басқармаларының (құрылған кезде) құзырына беру қажет", – деді Динара Зәкиева.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе облысында жасөспірімдер арасындағы жанжал 9-сынып оқушысының өлімімен аяқталғаны туралы жазған едік. Ауыл мектебінің 18 оқушысынан жауап алынып, 3 оқушы күдікті ретінде ұсталды.

Талқылау