"Қайта жөндеуге 12,4 миллиард теңге бөлінген": Үлкен Алматы өзені жағалауындағы гранит плиталардың орнына бетон қойып, оны гранит сияқты бояп тастаған
Фото: Дамир Глямшин Facebook парақшасынан алынды
Алматылықтар Үлкен Алматы өзеніндегі гранит плиталардың бетон тастармен ауыстырылып, боялғанына наразылығын білдірді. Ал қала әкімшілігі тұрғындардың шағымына жауап берді. Бұл туралы Stan.kz апарат агенттігі хабарлайды.
Egov.press Telegram-арнасының мәліметінше, Үлкен Алматы өзеніндегі бетон плиталарды гранитке ұқсату үшін бояп қойған.
Фото. Egov.press Telegram-арнасынан скрин
"Үлкен Алматы каналынан гранит плиталарын ұрлауға қатысты атышулы жанжалдан кейін тұрғын Дамир Глямшин мердігерлердің бетон плиталарын гранитке ұқсату үшін бояп жатқанын суретке түсірген. Каналды қайта құруға мемлекеттен 12,4 миллиард теңге бөлінген", – делінген жазбада.
Тағы бір алматылық Threads парақшасында Үлкен Алматы өзені жағалауында түсірілген фото-видеоны жариялаған. Онда гранит плитаға ұқсас етіп боялған бетон тастарды көруге болады.
“Санжар Боқаевтың гранит плиталары туралы жазбасы кімнің есінде? Кінәлілер жауапқа тартылып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуі керек еді. Жазбадағы фото-видео 24 қарашада Сәтпаев көшесінің жоғары жағындағы Үлкен Алматы өзенінде түсірілген. Олар 100 жыл тұратын нағыз гранит плиталардың орнына, бетонды гранит сияқты етіп бояп қойған. Мен мұны жөндеу жұмыстарын емес, вандализм мен ұрлық деп қарастырар едім”, – деп жазды желі қолданушысы.
Фото: Threads pelle_17
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасынан мән-жайды сұрады. Олардың мәліметінше, гранит қымбат әрі күрделі күтімді қажет етеді. Сол себепті оны қолданудан бас тартылыпты.
Алматыда аудан әкімдері брусчатка мен гранит плиталарын негізсіз ауыстырғаны үшін сөгіспен шектелді
“Техникалық-экономикалық бағалау мен келісімдер нәтижесінде граниттен бас тарту туралы шешім қабылданды. Себебі ол қымбат материал және күрделі күтімді, тұрақты реставрацияны қажет етеді. Оның орнына қорғаныш жабыны бар бетон негізі қолданылады. Пайдаланылатын бояу, үнемі ылғалдылық жағдайында қолдануға арналған арнайы резеңке қоспаларға жатады. Мұндай жабын ұзақ мерзім тұрады, суға, ультракүлгін сәулелерге және температура ауытқуларына төзімділікті қамтамасыз етед. Нысанның визуалды қабылдануын жақсартады. Айта кетейік, бұл технология бірқатар инженерлік гидротехникалық нысандарда қолданылады және қолданыстағы құрылыс нормаларына сәйкес келеді”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ басқарма нысандағы жұмыс жалғасып жатқанын мәлімдеді. Ал соңғы визуалды шешім реконструкцияның барлық кезеңі аяқталған соң қалыптасады екен.
Қайта құру жұмысын қолға алған кім?
Желіде тараған жазбада қайта құру жобасын қолға алған компанияның аты аталған. Ол “Павлодарлық өзен порты” акционерлік қоғамы. Бұған дейін аты аталған мердігер компанияны Алматы әкімдігі сотқа берген. Себебі олар Сайран көлін қайта құру жобасына қатысты мемлекеттік сатып алуды қолға алып, уақытында орындамаған. Жұмысты 2025 жылы 31 мамырға дейін аяқтау керек болған. Алайда нысан әлі күнге дейін тапсырылмаған. Техникалық қадағалау мәліметінше, мердігер жұмыстың тек 95%-ын орындаған. Осыдан кейін Алматы қаласының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы компанияны сотқа берген.
Сот міндеттемелердің тиісінше орындалмағанын анықтаған. Осылайша сот “Павлодар өзен портын” мемлекеттік сатып алуларды дұрыс орындамайды деп танып, келісімшарт бойынша барлық шарттарды орындауға міндеттеді.
Сот шешімі бойынша компания 23,1 миллион теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге және шамамен 700 мың теңге мемлекеттік баж төлеуге міндеттелді.
“Павлодар өзен порты” АҚ Сайран көліне қатысты жобалардан бөлек мына ірі тендерлерді де жеңіп алған:
Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының күрделі жөндеуі – 10,82 миллиар теңге (Қосылған құн салығынсыз) немесе 12,11 миллиард теңге (Қосылған құн салығын есепке алғанда);
Үлкен Алматы өзенінің жағалауын реконструкциялау – 7,14 миллиард теңге (Қосылған құн салығынсыз) немесе 7,99 миллиард теңге (Қосылған құн салығын есепке алғанда).
Айта кетейік, “Павлодарлық өзен порты порт” АҚ 1994 жылы тіркелген. 2015 жылдан бері компания бюджетке 12,7 миллиард теңге салық төлеген. Жалпы көлемі 298,7 миллиард теңгеге 311 келісімшарт жасаған.
2004 жылдан бастап компанияның негізін қалаушы – Мәжіліс депутаты, Amanat партиясының мүшесі, мемлекеттік ордендермен марапатталған, президенттің штаттан тыс кеңесшісі болған Мейрам Пішембаев.
2012 жылдан кейін порттың меншік иесі – Долорес Пішембаева мен Анетта Сағынбек.
Айта кетейік, бұған дейін қоғам белсендісі Санжар Боқаев Үлкен Алматы өзені жағалауындағы гранит тақталардың ұрланып жатқан сәтін видеоға түсіріп алғаны туралы хабарлаған едік.
Қазақстанда тұрғын үйлердің сапасын кім тексереді және өз үйінің қауіпсіз емес екенін білгендер қайда жүгіне алады