Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Украинадағы соғысқа қатысқан Атырау тұрғыны 5 жылға бас бостандығынан айырылғаны хабарланды

Фото: Getty Images

Атырау тұрғыны Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды. Атырау қаласының №2 қалалық соты оны "Шетел аумағындағы қарулы қақтығысқа қатысқаны" үшін (172-бап) кінәлі деп таныған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Halyqstan телеграм-арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қазақстан қылмыстық кодексінде бұл бап бойынша 5-9 жыл аралығында түрме жазасы қарастырылған. Тергеу органдарының мәліметіне сүйенген телеграм-арна оның Ресейде жұмыс істеп жүріп, Ресей қорғаныс министрлігімен шарт жасасқанын, соғысқа барып, ол жақта жарақаттанғанын жазды. Сот үкімі әзірге күшіне енбеген.

"Ақжайық" басылымы да бейресми дереккөзге сүйене отырып, Атырауда Украинадағы соғысқа қатысқан тұрғын ұсталғанын жазған. Басылым 25 сәуірде Атырау облысының прокуратурасына ресми сауал жібергенмен сауал кейін ҰҚК-ның жергілікті департаментіне бағытталған. Бірақ жауап келмеген.

Қазақстан заңы өз азаматтарына шетелдегі қақтығыстарға қатысуға тыйым салады.

Екі апта бұрын украиналық "Хочу жить" жобасы 2025 жылдың басынан бері Ресей әскеріне жалданған 500-ден астам Қазақстан азаматының тізімін жариялаған еді. Жобаның көктемде мәлім еткен тізімінде 661 қазақстандық болған. Ұйымның хабарлауынша, осы тізімге орай Қазақстанның Украинадағы консулы Бауыржан Бегалимов Украинаның әскери тұтқындармен қарым-қатынас мәселелері жөніндегі штаб өкілдерімен кездескен. Кездесу барысында дипломат украин жағына Қазақстанда ақпараттық-түсіндіру шаралары күшейгенін, әрбір жағдай бойынша тергеу басталғанын хабарлаған.

Айнұр Мұхади
Сенбі, 09 Тамыз, 2025 17:13
Талқылау
`